Вице-министр жат діни ағымдағы спортшылар туралы айтты, Ақтөбеде жылусыз отырған үй жоқ және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 17 қазан. ҚазТАГ – Вице-министр жат діни ағымдағы спортшылар туралы айтты, Ақтөбеде жылусыз отырған үй жоқ және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Жетісу облысында лауазымды тұлғалар сотталды

Жетісу облысы Сарқан ауданында аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы мен мердігер ұйымның директоры сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Соттың мәліметінше, Сарқан аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы мен мердігер ұйымның директоры туристік объектілердегі санитарлық-гигиеналық тораптарды орнатуға бөлінген Т74,7 млн бюджет қаражатын жымқырған.

«Прокурорлық тексеріс арқылы объект іске қосылмағанын, ал бөлінген қаражат жұмсалып кеткенін көрсетті. Сарқан ауданының прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап, іс сотқа дейін жеткізілді. Сот үкімімен аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы мен мердігер ұйымның директоры түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды», – делінген хабарламада.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерге ескерту жасады

«ҚазАвтоЖол» компаниясы жүргізушілерге маңызды ескерту жасады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ұлттық оператордың мәліметінше, бүгін Атырау, БҚО, Маңғыстау, Қарағанды және Алматы облыстарының кей жерлерінде жаңбыр жауады, ал Жамбыл, Жетісу, ШҚО және Абай облыстарының кей жерлерінде қар аралас жаңбыр және қар жаууы мүмкін.

«Сол себепті жүргізушілерге қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, жолдардағы ауа райының қолайсыздығын ескеру қажет», – делінген ақпаратта.

«Бізде тізімі бар»: спорт вице-министрі жат діни ағымдағы спортшылар барын мойындады

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, мәжіліс қарауында жатқан спорт туралы заң жобасына терроризм мен эктремизмге қарсы нормалар енгізілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мәжілістің отырысында депутат Жигули Дайрабаев кейбір спортшылардың сақалының өсіп кеткенін сынға алған.

«Қазіргі таңда көптеген спорт түрлерінде өзіңіз айтып отырғандай, діннің қате ағымына кетіп қалған спортшыларымыз бар, өкінішке қарай. Оны білеміз, тізімі бар. Спорт туралы заң жобасына терроризм мен эктремизмге қарсы нормаларды енгізіп отырмыз. Оны депутаттар қолдады», - деп Жарасбаев сынға жауап берді.

Ақтөбе әкімдігі мәлімдеме жасады

Қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы барлық үйлерге жылу берілді, деп хабарлайды Baq.kz.

Ақтөбе қаласы бойынша 128 жылыту қазандығы бар. Оның ішінде 28 қазандық «Aqtobe su-Energy Group» АҚ меншігінде.

«100 қазандық көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару нысандарының меншігінде (КСК, ОСИ және көпқабатты үй құрылысын салушы компаниялар). Автономды жылыту жүйесімен және жеке қазандықтармен жылытылатын көппәтерлі тұрғын үйлерде жылумен жабдықтау толығымен қамтамасыз етілген. «Aqtobe Su-Energy Group» АҚ бойынша орталық жылытуы бар 1 538 үй толығымен қосылған. Жылыту барлық үйлерге қосылды, егер үйдің дайындығы, пәтерлердегі проблемалар туындаса, әр өтінішке «Aqtobe Su-Energy Group» АҚ-ның және тұрғын үй инспекциясының мамандары барады. Сондай-ақ, көпқабатты үйлерді басқару органдары қазіргі уақытта жылу берілген кезде туындауы мүмкін жылу деңгейі мен гидравликалық балансты реттеуді жалғастыруда», - деді қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қала әкімдігінің баспасөз хатшысының айтуынша, Ақтөбеде барлық үйге жылу қосылды, жылусыз отырған үй жоқ.

Фото көзі: oka.fm


adimage