Мемлекет онлайн петицияға жазылған комментарийлерді тексермек

Астана. 17 қазан. ҚазТАГ – Қазақстанда онлайн петиция жариялау ережелеріне өзгерістер енгізілмек, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

«Петицияға қосылу қағидаларында: 2-тарау. Петицияға электрондық нысанда қосылу тәртібі мынадай мазмұндағы 7-1 және 7-2-тармақтармен толықтырылсын: «7-1. Петиция бойынша комментарийге немесе оның бөлігіне шағым түскен кезде уәкiлеттi орган комментарийлердің Қазақстан Республикасының заңнамасы нормаларын бұзуы тұрғысынан тексереді. Қазақстан Республикасының заңнамасы нормаларының бұзылуы анықталған кезде уәкiлеттi орган шағымды алған сәттен бастап бес жұмыс күнi iшiнде «Электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторын айқындау туралы» Қазақстан Республикасы үкіметінің 2016 жылғы 29 қаңтардағы №40 қаулысымен айқындалған «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым операторына хабарлайды», - деп мәдениет және ақпарат министрлігінің бұйрық жобасында айтылған.

Сонымен қатар, жобада 7-2-тармақ қарастырылуда.

«Оператор комментарийлерді немесе оның бір бөлігін уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын бұзу туралы хабарламасын алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде жояды», - делінген ережеге енгізілетін өзгерістер жобасында.

Жобаға берілген салыстырмалы кесте бойынша, Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің 2024 жылғы 15 сәуірдегі №24-71-11.21 қбпү тапсырмасына сәйкес комментарийлерді модерациялау мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажет.

Жобаның мақсаты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келтіру болып табылады.

Фото көзі: ChatGPT


adimage