Шырша безендіру кезінде биіктен құлаған мұғалімнің жағдайы қалай?
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 21 желтоқсан күні Семей қаласында шыршаны безендіру кезінде биіктен құлап, зардап шеккен мұғалім толықтай сауығып бүгін ауруханадан шыққанын айтты, деп жазады Egemen.kz.
Шырша безендіру кезінде биіктен құлаған мұғалім Қуат Айтқалиевтың бас сүйегі сынып, миына зақым келген. Дәрігерлер оқиға болған күні оған ота жасаған.
«Бұл мәселені үнемі бақылауымда ұстап отырмын. Қазір бұл мәселемен әкімдік айналысып жатыр. Кінәлілер жазаланды. Тексеру толық аяқталғаннан кейін тиісті шара қолданылады», - деді оқу-ағарту министрі.
Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға Т100 млрд бөлінген
Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында 2025 жылғы көктемгі дала жұмыстары үшін шаруаларға қаржы бөлу мәселесін көтерді, деп хабарлайды El.kz.
«Біз қаржыландыруды өткен жылдың 29 қарашасында бастадық. Аталған жұмысқа жалпы Т100 млрд бөлініп, қазірдің өзінде оның Т70 млрд-ды шаруаларға берілген. Әрі қарай жұмыс жүргізіліп жатыр. Облыстарда ӘКК әлі қосылмаған, оларды ӘКК арқылы да тарату керек, сонда жұмыс тезірек жүреді. Жалпы қаржы бар», - деді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Үкімет басшысы жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Қазақстанда жұмысшыларға арналған жаңа ипотекалық бағдарлама ашылады
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда жұмысшы мамандықтарға арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы іске қосылатынын айтты, деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Жұмысшы кадрларды әлеуметтік қолдаудың үздік корпоративтік тәжірибесін кеңінен таратып, жаңа ынталандыру шараларын енгізу керек. Өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, су ресурстары министрліктеріне кәсіпорындармен, әкімдіктермен және Отбасы банкімен бірлесіп, жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырамын», – деді ол.
ҰҚК қару жасайтын төрт жасырын цехты жойды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция және прокуратура органдарымен бірлесіп, қару-жарақтарды, оның ішінде «қаңтар оқиғалары» кезінде ұрланғандарды іздеу және заңсыз айналымнан алу бойынша бірқатар жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді, деп хабарлайды Тurkistan.kz.
Нәтижесінде қарудың қайта айналымының жеті арнасы, сатудың жеті ішкі арнасы және оны жасайтын жасырын төрт цех жойылды.
ҰҚК мәліметінше, 58 Калашников автоматы, 283 мылтық, 164 тапанша, 115 граната және әртүрлі калибрдегі 15 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді.
Фото көзі: Ашық дереккөз