«Көші-қон процестерін тиімді басқару үшін Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Ол елге білікті мамандарды тартуға, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғауға, өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздіктерді жоюға және көші-қон саясатын жалпы жаңартуға бағытталған», - деп мәлімдеді Олжас Бектенов.
Премьердің айтуынша, тұжырымдама шеңберінде «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша көшіп келушілерді есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру жоспарлануда, бұл көшіп келушілерді цифрлық сәйкестендіруді жүзеге асыруға және қажет болған жағдайда олардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
«Ішкі еңбек нарығын біліктілігі жоқ шетелдік жұмыс күшінен қорғау мақсатында квоталау тетігі қолданылады», - дейді ол.
Сонымен қатар үкімет басшысы еңбекші көшіп келушілер Қазақстан Республикасының аумағында болуының заңдылығын растайтын құжаттарын көрсетіп, рұқсат алуға арналған өтініште көрсетілген кезең үшін жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем жасаса ғана оларға аталған рұқсаттар берілетінін атап өтті. Еңбекші көшіп келушіге рұқсат берудің ең ұзақ мерзімі 12 айдан аспайды.
«Шетелдіктердің болуын бақылауды қамтамасыз ету және олардың нақты санына мониторинг жүргізу мақсатында көшіп келушілерді биометриялық сәйкестендіру және таңбалау жүйесі әзірленеді», - деп хабарлады Бектенов.
Премьер-министрдің мәліметінше, 2025 жылы мүдделі мемлекеттік органдардың (БП, ҰҚК, БП ҚСжАЕК, Жоғарғы Сот, Әділетмині, Еңбекмині, ЦДИАӨМ, ДСМ, МТС, Қаржымині МКК, МК КЕАҚ) дерекқорларымен интеграциялауды көздейтін көші-қон полициясының жаңа ақпараттық жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға енгізу жоспарлануда.
«Сондай-ақ шетелдіктерді Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасының мәселелері туралы жеткілікті ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында ІІМ ҰҚК шекара қызметімен бірге шекаралық бақылаудан өту кезінде тапсырылатын «туристік карточка» құру мәселесін пысықтауда», - деп түсіндірді премьер.
Фото көзі: pixabay.com