Астана. 1 қаңтар. ҚазТАГ – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтады, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Қымбатты отандастар! Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін бәріміз жүзжылдықтың ширек ғасырлық белесіне қадам басқалы тұрмыз. Биыл Алтай мен Атырау арасындағы барша жұрт тарихтың жаңа парағын бір мезетте ашады. Халқымыз екі жылдың тоғысар тұсын ізгі ниетпен, ерекше көңіл-күймен күтеді. Өткен күндерді саралап, ескі жылға баға береді. Арман-мақсатын айқындап, болашаққа үлкен үмітпен қарайды. Бұл – нағыз отбасылық мереке. Сондықтан мен баршаңызға, ең алдымен, еліміз аман, жұртымыз тыныш, бауырымыз бүтін болсын дегім келеді», - деді Тоқаев сәрсенбіге қараған түні жаңа жылдық құттықтауында.
Ол атап өткендей, ұлу жылы ұлтымыз үшін маңызды оқиғаларға толы болды.
«Түрлі саладағы реформалар жемісін бере бастады. Экономиканың жаңа бағдарын белгілеп, нақты шараларды қолға алдық. Өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамуда. Бірқатар ірі өндіріс орны ашылды. Инвестициялық ахуал жақсарды. Мыңдаған шақырым жол салынып, жөнделді. Еліміздегі ең ұзын көпірдің құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді. Диқандарымыз мол астық жинап, қамбаны дәнге толтырды. «Таза Қазақстан» акциясының аясында қалалар мен ауылдар жаңаша келбетке ие бола бастады. Алғаш рет азаматтарымыздың орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетті», - деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.
«Ұлттық қордағы қаржының бір бөлігі балалардың есепшотына түсті. Жүзден астам жаңа мектеп ашылды. Көптеген әлеуметтік нысан салынды. Парламент депутаттары қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша заңдар қабылдады. Сондай-ақ биыл біз еліміздің келешегіне айрықша әсер ететін өте маңызды шешім қабылдадық. Атом электр станциясына қатысты референдум өткіздік. Көпшілік бұл бастамаға қолдау білдірді. Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройы арта түсті. Астанада беделді халықаралық ұйымдардың маңызды саммиттері өтті», - деді президент.
Тоқаев атап өткендей, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына мыңдаған спортшылар мен меймандар келді.
«Байрақты бәсекені табысты ұйымдастырып, төл өркениетімізді жер жүзіне таныттық. Спортшыларымыз Олимпиада және Паралимпиада ойындарында көк туымызды биікте желбіретті. Оқушыларымыз түрлі білім сайыстарынан жүлделі оралды. Басқа да көптеген табыс бар», - деді мемлекет басшысы.
Ол еске алғандай, биыл көктемде бірқатар аймақта алапат тасқын болды.
«Табиғаттың тосын сынағы бәрімізге ауыр тигені сөзсіз. Соған қарамастан, қиын күндерде халқымыз бір-біріне жанашыр болып, мызғымас бірлігін көрсетті. Зардап шеккен барша азаматқа жан-жақты көмек берілді. Мемлекет ешкімді назардан тыс қалдырған жоқ. Барлық міндеттемесін толық орындады. Жүздеген отбасы Жаңа жылды жаңа шаңырақта қарсы алып жатыр. Біз осылайша ырысты ынтымағымыздың арқасында барлық қиындықты еңсереміз. Алға сеніммен қадам басамыз. Жүйелі реформалар одан әрі жалғасады. Жоспарымыздың бәрі ойдағыдай орындалады. Алдағы жыл бұдан да табысты болады. Мен Президент ретінде бұған бар күш-жігерімді саламын», - деп атап өтті Тоқаев.
Ол еске салғандай, Үкімет тиімді жұмыс атқарып, экономиканың қарқынды өсімін қамтамасыз етуге тиіс.
«Жаңа өндіріс орындарын ашып, бизнеске қолайлы жағдай жасау қажет. Жол салуды жалғастырып, коммуналдық саладағы түйткілді мәселелерді шешу керек. Цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейткен жөн. Ауыл еңбеккерлерін барынша қолдау маңызды. Басты мақсатымыз – азаматтардың әл-ауқатын арттыру», - деді мемлекет басшысы.
Президент атап өткендей, мемлекет білім беру және денсаулық сақтау, ғылым және мәдениет салаларын дамытуға баса мән береді.
«Біз жаңа мектептер мен ауруханалар салып, педагогтердің, дәрігерлердің, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлерінің мәртебесін көтере береміз. Жастарға да міндетті түрде қолдау көрсетеміз. Келесі жылы елімізде бірнеше айтулы оқиға болады. Біз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын лайықты атап өтеміз. Ата Заңымыздың және Қазақстан халқы Ассамблеясының отыз жылдық мерейтойларын жоғары деңгейде өткіземіз. Сондай-ақ ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек», - деді мемлекет басшысы.
Ол атап өткендей, алдағы жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды.
«Бұл – еңбек адамдарына деген ерекше құрметтің белгісі. Біз отаншылдық, еңбекқорлық және біліктілікке айрықша мән береміз. Дәл қазір мерекеге қарамастан мыңдаған отандасымыз жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында шекарашылар, дәрігерлер, тәртіп сақшылары, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер, өндіріс басындағы мамандар және басқа да азаматтар бар. Мұны өз ісіне деген адалдықтың нағыз үлгісі деуге болады. Мен бүкіл халқымыздың атынан Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Шетелде білім алып жатқан немесе жұмыс істеп жүрген азаматтарымызға амандық тілеймін!» - деп құттықтады Тоқаев.
Қатысты сілтемелер
-
Қазақстан синоптиктері 2025 жылғы қаңтар айына ауа райы болжамын ұсынды
31 Желтоқсан 2024, 16:11 -
Көкшетау полицейі әлеуметтік желідегі пікірлері үшін қудалауға ұшырағанын айтты
31 Желтоқсан 2024, 16:01 -
Астанада мереке күндері қоғамдық көліктер қалай жұмыс жасайды
31 Желтоқсан 2024, 15:30 -
Жетісуда апатты жағдайда тұрған мектептің орнына жаңа ғимарат салуға 2,6 млрд теңге бөлінді
31 Желтоқсан 2024, 15:03