Қарағандыда өрт салдарынан екі бала көз жұмды, садақа мен қайырымдылыққа ақша жинайтындар енді қалай тексеріледі және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 9 қаңтар. ҚазТАГ – Қарағандыда өрт салдарынан екі бала көз жұмды, садақа мен қайырымдылыққа ақша жинайтындар енді қалай тексеріледі және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

«Қарағандыда өрт салдарынан екі бала көз жұмды»

Қарағандыда өрт салдарынан екі бала қайтыс болды, тағы екі бала және 60 жастағы әйел ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, құтқарушылар келгенге дейін 2017 және 2015 жылы туған екі бала сыртқа өздігімен шығып үлгерген. Көмірқышқыл газына уланған олар балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді. 1964 жылы туған әйел де ауруханаға жеткізілген.

Құтқарушылар 2020 және 2022 жылы туған екі баланың денесін тапты. Өрттің алдын-ала себебі – электр сымдарының қысқа тұйықталуы.

Садақа мен қайырымдылыққа ақша жинайтындар енді қалай тексеріледі?

Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы мобильді аударымдарды бақылау кезінде садақа мен емге жиналған қаражаттың тағдыры қалай болатынын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мобильді аударымдар арқылы садақа, қайырымдылық және ем-шараларына қаражат жинап жатады. Бұл - кәсіпкерлік мақсатта жиналып жатқан қаражат емес. Сәйкесінше, ол салықтандыруға жатпайды, тек кәсіпкерлік мақсаттағы аударымдар. Емге жинап жатса, оны құжаттар арқылы растай алуы керек. Оларға хабарлама жолданса, ол тұлғалар құжат бойынша әрекеттерін растауы керек. Олардан жеке табыс салығы алынбайды. Хабарлама салық төлеушінің кабинетіне барады. Ол жерде түсінік беру деген батырма бар. Сол жерге құжаттарын жолдайды», - дейді Ерсайын Көптілеуұлы.

«Алматыда қар еріту пункті іске қосылды»

Еріген су құм мен қоқыстардан тазартылады, содан кейін қалалық кәріз желісіне жіберіледі, деп хабарлайды Baq.kz.

«Жаңа пункт бұрын «Алматы Тазалық» КМК көктайғаққа қарсы реагенттері сақталған базада салынған. Оны құру қажеттілігі қаланың инфрақұрылымына жүктеменің артуымен және соңғы жылдары қардың көп түсуіне байланысты. Қар еріту пунктінің жұмыс процесі қолданыстағы кәріз желісі арқылы келетін ағынды сулардың жылуын пайдалануға негізделген. Қысыммен жылы су сорғы қондырғылары мен құбырлар жүйесінен өтіп, қарды ерітеді. Осыдан кейін пайда болған еріген су сүзгіге түседі, құм мен қоқыстардан тазартылады, содан кейін қалалық кәріз желісіне жіберіледі. Пункттің қуаты - тәулігіне 1200 текше метрге дейін қарды ерітеді», - деді Адматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Экология министрлігі цирктерде жабайы жануарларды пайдалануға тыйым салмақ»

Енді орталық цирктерде жабайы жануарлардың өнеріне тыйым салынады. Экология министрлігінің мәліметінше, ведомство заңға толықтырулар енгізу үшін сараптама жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Аikyn.kz.

Биылдан бастап қала мен ауылдарды аралап, өнер көрсететін цирктер мен жануарларды ұстап көруге мүмкіндік беретін шағын зообақтардың жұмысына тыйым салынды. Көшпелі океанариум мен дельфинарийлердің де жұмысы тоқтатылды. Ал аңдар мен жабайы жануарларды, балықтарды жүк көлігіне салып, гастрольге шығатындар қомақты айыппұл төлейді. Экология министрлігі стационарлы цирктердің де жұмысын қайта қарамақ.

«Алдағы жылдары цирктердің, зоопарктердің, стационарлы зоопарктердің қызметін реттейтін заңға тиісті өзгерістер енгізу үшін арнайы сараптамалық жұмыстар жүргізіледі. Олардың нәтижесінен тиісті заңға өзгерістер енгізу бастамасы көтеріледі», – деді экология және табиғи ресурстар министрлігінің бас сарапшысы Бақытжан Исахаев.

Фото көзі: ©Мадина Алимханова


adimage