СҚО бруцеллезге байланысты ауылдар карантинге жабылды, Өрт сөндірушілердің штаты 44% бос және тағы басқа тақырыптар дайджесті

   Астана. 29 мамыр. ҚазТАГ – СҚО бруцеллезге байланысты ауылдар карантинге жабылды, Өрт сөндірушілердің штаты 44% бос және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.
  «СҚО-да бруцеллезге байланысты екі ауыл карантинге жабылды»
Солтүстік Қазақстан облысының ветеринария басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ауру мал ветеринарлардың жоспарлы тексерісі кезінде анықталған, деп хабарлайды Nege.kz.
  «Биыл Айыртау ауданында 77 мал ауырды, оның 58-і екі шаруашылықтың сиыры, Ақжар ауданында ауырған 20 малдың 17-сі екі шаруашылыққа қарайды. Аққайың ауданында бес ауылдың 15 ірі қарасы бруцеллез жұқтырған. Қызылжар ауданында 129 ауру мал анықталса, соның 122-сі – екі шаруашылыққа тиесілі. Тимирязевта - бір, Уәлиханов ауданында - екі ірі қарадан бруцеллез анықталды», – дейді басқарманың баспасөз хатшысы.
Жұқпалы дерттің жайылуына жол бермеc үшін Тимирязев ауданының Докучаево және Аққайың ауданының Ленинское елді мекендерінде шектеу шаралары енгізілді.
Қазақстандық көріпкел: «Жоғарғы сотта, прокуратурада клиенттерім бар»
  Қазақстандық көріпкел Бақыт Жұматова оның көмегіне Жоғарғы соттағылар да, прокуратурадағылар да жүгінетінін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Жоғарғы сотта, прокуратурада жұмыс істейтін клиенттерім бар. Көптеген журналистер маған жүгінеді. Әйелдер ғана көріпкелге жүгінеді деп айта алмаймын. Ер азаматтар да, жас балалар да келеді. Ер адамдар әйелі көзіне шөп салып жүр ме деген сұрақпен келеді. Ондай адамдар бұрын болған, қазір де бар, болашақта да болады. Бишімбаевтың сотында бәрі көріпкел, таролог деген нәрсе барын бірінші рет естігендей болды», - дейді Бақыт Жұматова.
Оның айтуынша, кезінде оған Болат Назарбаев та келген.
«Өрт сөндірушілердің штаты 44 пайыз бос тұр»
Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты өрт сөндірушілердің штаттағы саны норматив санынан 44 пайыз аз, деп хабарлайды Kaz.inform.kz.
Министрліктің мәліметінше, қолданыстағы сандық норматив бойынша өрт сөндіру қызметкерлері санының норматив пен штаттық саны арасындағы айырмашылығы 44%. Бүгінгі күні өртке қарсы техникасының жүргізушісі лауазымы тапшы. Өрт сөндірушілер жұмысқа қажетті киім-кешекпен 100 пайыз қамтамасыз етілген.
«Астанадағы бір пәтерде мыңға жуық адам тіркелген»
Елордада бір ғана отбасы тұратын пәтерде 937 адам тіркелген, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Астана қаласында бір мекенжайда өте көп тұрғын тіркелген 924 баспана тексерілді. Оларда 35 мыңдай адам тіркеуде тұрғаны анықталды. Яғни, бір ғана пәтердің өзінде 800-ден астам адам, екіншісінде – 600-ден астам азамат, үшіншісінде – 400-ден астам адам тұрақты тіркелген.
«Жақында 35 шаршы метр үйге 930-дан астам мигранттарды тіркеу бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жалғызбасты ана мигранттарды тіркеу арқылы олардан ақша алған. Осындай әркетке барғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады», – делінген прокуратура хабарламасында.
Алматы облысында да осындай 13 мың факті анықталды.

Фото көзі: invitro.ru


adimage