Тоқаевқа Қазақстандағы криминогендік жағдай туралы баяндалды

Астана. 5 ақпан. ҚазТАГ – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.

«Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады», - делінген сәрсенбідегі хабарда.

Сәденов Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдегі криминогендік жағдай және ішкі істер органдарының «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру барысы жөнінде баяндады.

 Президентке елімізде қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде былтыр қылмыс саны 12,7 мыңға азайғаны айтылды:

– Соңғы жылдары қылмыс деңгейінің, әсіресе, кісі өлтіру, қарақшылық, тонау мен ұрлық сияқты аса ауыр қылмыс түрлері көрсеткіштерінің айтарлықтай төмендеуі байқалады. Сонымен қатар тергеудің заманауи әдістерін енгізу арқылы қылмыстың барлық санаты бойынша ашылуы жақсара түскенін айтты;

- қылмыскерлерді іздестіру жұмыстарының нәтижесі туралы айтты. 2024 жылы полиция іздеуде жүрген 1949 адамды ұстаған;.

- ұйымдасқан, кибер және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы таныстырылды. Соның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін 264 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

- Соңғы 12 айда есірткі таратуға қатысты ақпарат жариялаған 7500-ге жуық интернет-ресурс анықталды, 22 тоннаға жуық есірткі айналымға жіберілмеді, 64 есірткі зертханасы жойылды. Интернет-алаяқтардың 65 миллион қоңырауы бұғатталды. Нөмірлерді ауыстыруға арналған 48 SIM-box құрылғысы әшкереленді. Алаяқтардың 2 миллиард теңгеден астам қаржыны елден шығаруына жол берілмеді.

- Кәмелет жасына толмағандардың құқықтарын қорғау, көші-қонды бақылауды күшейту, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы хабардар етті.

«Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді», - деп хабарлады Ақорда.

adimage