Путин АЭС мәселесі бойынша Қазақстанға келе ме?, елімізде дәрі-дәрмек бағасы арзандайды және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 25 қараша. ҚазТАГ – Путин АЭС мәселесі бойынша Қазақстанға келе ме?, елімізде дәрі-дәрмек бағасы арзандайды және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

«Дәрі-дәрмек бағасы арзандайды: Аймағамбетов маңызды өзгерістер туралы айтты»

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов дәрі-дәрмек бағасын төмендетуге бағытталған реформалар жөнінде ақпарат берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның мәлімдеуінше, денсаулық сақтау министрлігі бағаны реттеу тетіктерін жетілдіру арқылы дәрі-дәрмек құнын төмендетуді көздеуде.

«Денсаулық сақтау министрлігі бағаны қалыптастырудағы бірқатар кемшілікті жоюға кірісті. Қазір кейбір дәрілердің бағасы көрші елдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Сондықтан бағаны реттеудің жаңа жүйесі енгізіледі», – деді Аймағамбетов.

«Сәтқалиев қазақ тіліндегі сұраққа жауап беруден бас тартты»

Редакция тілшісі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке Жаңаөзенде ереуілге шыққан жұмысшылардың жайы туралы сұрақ қойып, жауапты қазақ тілінде беруді өтінген. Министр жауап беруден бас тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Алып-қосарым жоқ. ҚазМұнайГаз басшысы жауап берді. Олар жұмыс жүргізіп жатыр. Энергетика министрлігінің құзіретіне кірген кезде біз сізге жауап береміз», – деді ол.

Ulysmedia.kz тілшісі осы кезде «ысырыпсалды жауап беріп тұрсыз, қазақша жұмысшыларға нақты жауап беріңізші», деп қайта сұраған. Алайда министр «Мен сізге жауап бердім, сонымен рақмет», деп түйіндеді.

LRT құрылысы қашан аяқталады? Әкімдік жауап берді
LRT желісі станцияларының темірбетонды негізгі құрылыстары 100% аяқталды, деп хабарлайды El.kz.

«LRT желісі көп деңгейлі залдары мен платформалары бар 18 станциядан тұрады, олар екі түрге бөлінеді: жердегі (11 станция) және жер үсті (7 станция). Жер үсті станциялары Сығанақ көшесінде (2 станция), Ш. Қалдаяқов көшесінде (4 станция) және «Нұрлы жол» теміржол вокзалы ауданында (1 станция) орналасқан станциялар жолға орталықтандырылған орналасуымен ерекшеленеді. Станцияларға қауіпсіз кіру үшін жерүстінен өтетін екі өткел қарастырылған. Барлығы 14 өткел», - делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, 2025 жылы барлық станция құрылысы толығымен аяқталады деп жоспарлануда. Соның ішінде қасбеттердің монтажы, жерүстінен өтетін өткелдердің құрылысы, ішкі әрлеу, жақын аумақтарды абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

«Путин АЭС мәселесі бойынша Қазақстанға келе ме?»: Энергетика министрі жауап берді

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Ресей президенті Владимир Путин атом электр станциясын салу мәселесінде «Росатомның» мүдделерін ілгерілету үшін Қазақстанға келеді деген қауесетке түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz.

Сәтқалиевтің сөзінше, энергетика мәселелері тек Ресеймен ғана емес, басқа да елдермен халықаралық ынтымақтастық аясында ашық талқыланатын негізгі тақырып.

«Егер бұл мәселені Ресей тарапы көтеретін болса, онда біз талқылауға дайынбыз», - деді министр.

Ал «Путиннің осы мақсатта елге келуі мүмкін бе?» деген сауалға министр жауап берген жоқ.

Фото көзі: akorda.kz


adimage