Әкімдерге автотұрақтарды ұйымдастыру және олардың қағидаларын бекіту құзыреті берілуі мүмкін

Астана. 25 қараша. ҚазТАГ – Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр депутаттардың ақылы автотұрақтарға қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

«Қазіргі уақытта автотұрақтарды (автомобиль қоятын орындарды) ұйымдастыру тәртібі Алматы және Астана қаласы аумағында ғана әкімдердің қаулыларымен бекітілген. Қағидаларға сәйкес автотұрақтарды ұйымдастыру және пайдалану құрылыс нормаларының, өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттердің, санитариялық және экологиялық нормалардың талаптарына сәйкес, сондай-ақ жер учаскесінің нысаналы мақсатын сақтай отырып жүзеге асырылады», - деп мәлімдеді Роман Скляр.

Оның айтуынша, Астана қаласы әкімдігінің ақпаратына сәйкес ақылы коммуналдық автотұрақтар қаланың орталық аудандарында, халық тығыз шоғырланған нүктелері көлік тораптарында, сауда ойын-сауық орталықтарында, әкімшілік кешендерде орналасқан.

«Елорданың шекаралас аудандарында және әлеуметтік маңызы бар объектілерде (аурухана, емхана, мектеп, балабақша және тағы басқа) және тұрғын үйлердің аулаларында ақылы коммуналдық автотұрақтар жоқ. Ақылы коммуналдық автотұрақтарға іргелес орналасқан үйлердің тұрғындарына тегін тұрақ құқығын беретін резиденттік абонементтер беріледі», - деді бірінші вице-премьер.

Үкімет басшысының бірінші орынбасарының сөзінше, Алматы қаласы әкімдігінің ақпаратына сәйкес ақылы коммуналдық автотұрақтар қаланың тарихи іскерлік орталығында, сондай-ақ көрікті жерлерге жақын жерде орналасқан.

Ол сонымен қатар Шымкент қаласында және басқа облыстарда автотұрақ ұйымдастыру тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық акт жоқтығын атап өтті.

«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының мәжілісінде қаралып жатқан астананың және республикалық қалалардың дамуы мәселелері бойынша заң жобасы шеңберінде облыс, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін автотұрақтарды (автомобиль қоятын орындарды, паркингтерді) ұйымдастыру және олардың санаттарын айқындау қағидаларын бекіту құзыретін беру бөлігінде заңнамалық түзетулер енгізу көзделген», - деп хабарлады Скляр.

Фото көзі: primeminister.kz


adimage