«Қызылордада пара алған полиция қызметкері ұсталды»
Әлеуметтік желіде Қызылорда әуежайында Қызылорда полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Т2 млн пара алғаны туралы ақпарат тараған болатын.
Аталған ақпаратты облыстық полиция департаменті растады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті мен жеке қауіпсіздік департаменті бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында заңсыз әрекеттер жасағаны үшін полиция қызметкерін ұстады. Ол ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылды», - делінген хабарламада.
«Оқу-ағарту министрлігі «Күнделік» жүйесіндегі ұятсыз жарнамаларға қатысты түсінік берді»
Оқу-ағарту министрлігіне ата-аналардан «Күнделік» электрондық журналындағы жарнамалық контентке қатысты көптеген шағым түскен. Оқу-ағарту вице-министрі Арай Уразова шағымға жауап берді, деп хабарлайды Baq.kz.
«Барлық білім беру технологиялары мен EdTech саласындағы жүйелер, соның ішінде ААЖ «Күнделік» Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс жүргізеді. Алайда бұрын министрлік атына ата-аналар қауымдастығынан ААЖ «Күнделіктегі» жарнамалық контентке қатысты көптеген шағым келіп түскен. Бұл контент оқушылардың жас ерекшеліктері мен психоэмоционалдық жағдайларына сәйкес келмеген. Сонымен қатар ААЖ «Күнделік» тарапынан міндеттемелердің орындалмау жағдайлары болды, бұл мәселе жүйе әзірлеушілерімен бірнеше рет талқыланды. Көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру қажеттілігіне назар аударып, келісім жүргізілді», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, министрлік «Күнделік» жүйесіне еліміздің аумағындағы барлық білім беру сервистеріне тең қолжетімділік беретін мемлекеттік серверлерде хостинг ұйымдастыру және интернет-ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жалғастыруда.
«Ресейліктерге Қазақстан азаматтығы сатылып жатыр»: ІІМ түсінік берді
Қазақстанның ішкі істер министрлігі ресейліктерге ел азаматтығын сату туралы қауесетті жоққа шығарды, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Stopfake.kz мәліметінше, интернеттің қазақстандық сегментінде Ресей азаматтарының Қазақстан азаматтығын сатып ала алатыны туралы ақпарат тарады. Құны 6500 еуродан басталады және бөліп төлеуге болады.
«Интернетте ішкі істер органдарында бірқатар көші-қон қызметтерін алу, оның ішінде азаматтыққа қабылдау, құжаттарды жинау және ресімдеу қызметтерін көрсететін компаниялардың жарнамалары жариялануда. Айта кету керек, бұл фирмалар азаматтықты да, жеке басын куәландыратын құжаттарды да бермейді. Осыған байланысты ІІМ осы саладағы интернет арқылы алаяқтықтың ықтимал жағдайлары туралы ескертеді. Қазақстан азаматтығын алу үшін өтініш білдірушілер ішкі істер органдарына жеке өзі жүгінуге тиіс. Бұл ретте құжаттарды сенімхат бойынша немесе үшінші тұлғалар арқылы беруге тыйым салынады», – деп ішкі істер министрлігі бұл ақпаратқа қатысты түсінік берді.
Пойыздар неге кешіге береді?: ҚТЖ басшысы халықтан кешірім сұрады
Премьер-министр Олжас Бектенов «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысынан пойыздардың кешігу себебін сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бұл жағдай жолдарды жөндеумен және жолаушылардың қауіпсіздігімен байланысты. Соңғы екі жылда жол жөндеу жұмыстарының көлемін 2-3 есеге арттырдық. Жолаушылардан қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз», - деді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев.
Фото көзі: gov.kz