Қазақстанда спорт және туризм салаларын одан әрі жетілдіру жоспарлануда

Астана. 26 қараша. ҚазТАГ- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновты қабылдады. Кездесу барысында министр Алматы тау кластерін, Маңғыстау және Бурабай курорты аймақтарында жағажай туризмін дамыту жөнінде кешенді жоспармен таныстырды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

«Президент тапсырмасына сәйкес, Алматы тау кластерін, Маңғыстау және Бурабай курорты аймақтарында жағажай туризмін дамыту жөнінде кешенді жоспар әзірленуде»,- делінген хабарламада.

Одан бөлек, Neo Nomad Visa жобасы іске қосылды, ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті құрылып, лудоманияға қарсы күрес қолға алынды.

Осы мақсатта министрлік жанынан арнайы құрылған топ мүшелері өңірлердегі спорт саласының жағдайына жан-жақты талдау жүргізді. Бұдан бөлек, қолданыстағы «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға негізгі басымдықтарды айқындайтын өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін жұмыс тобы құрылды. Халықаралық федерациялармен ынтымақтастық аясын кеңейту, спорт инфрақұрылымдарын жетілдіру үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев министрге спорт және туризм салаларын одан әрі жетілдіру жөнінде бірқатар нақты міндет жүктеді. Атап айтқанда, алдағы уақытта өтетін халықаралық спорт додаларына дайындық деңгейін пысықтауды, сондай-ақ елімізде танымалдығы артып келе жатқан падел спортын ілгерілетуге назар аударуды тапсырды.

Фото көзі: Пресс-служба Акорды


adimage