Үкімет пен парламентке жаңа күш пен істің адамдары керек – Әсет Матаев

Алматы. 1 ақпан. ҚазТАГ – Белгілі қазақстандық журналист, ҚазТАГ халықаралық ақпараттық агенттігінің (ХАА) негізін қалаушы Әсет Матаев 19 наурызда өтетін мәжіліс сайлауына өз кандидатурасын ұсынды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Қайғылы қаңтар оқиғасының кейін жарты жыл өткен соң менің өмірім күтпеген жерден басқа арнаға бұрылды. Бұған дейін бірнеше дүркін табанды түрде талап етсек те, тауымызды шағып, шарасыз күйге түсірген Жоғарғы Сот әкем Сейітқазы Матаев екеуімізді ақтап шығарды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет Жоғарғы Сот мемлекет атынан бізді заңсыз соттағаны үшін кешірім сұрады. Саяси астары бар осы қылмыстық іс Бас прокуратура қызметкерлерінің мұқият қарауынан кейін жойылып, қазір ол Жоғарғы Сот бюллетенінде негізсіз сотты болып, үкім шығарудың мысалы ретінде жарияланып жүр. Мен осы сәттен бастап Әділетті Қазақстанның рухын шынайы сезіндім. Мен үшін Әділетті Қазақстан – адам құқығы мен заң үстемдігі бәрінен биік тұратын әділетті мемлекет, әділетті қоғам. Яғни, барлық адамның құқығы заңмен қорғалып, қылмыс аяусыз жазалануы тиіс», - деді Матаев сәрсенбі күні сайлаушыларына.
Ол атап өткендей, соңғы айларда оның атына мемлекеттік органдардың заңсыз іс-әрекеттеріне қатысты халықтан көп шағым түсетін болған. Ол өтініш-шағымдардың барлығы да жан-жақты тексеруді қажет етеді.
«Әсіресе, адамдар маған өңірлердегі және орталық мемлекеттік органдардағы кадрлық шешімдер, коммуналдық салада қордаланған проблемалар мен сыбайлас жемқорлық туралы жиі жазады. Бізде экология, жұмыссыздық және қауіпсіздік мәселелері ушығып тұр. Олардың бәрін пәрменді түрде шешу қажет. Мені соңғы кездері өзімнің қаламдас әріптестеріме, яғни тілшілерге қатысты сөз бостандығын шектеп, әділдікті белден басу оқиғаларының көбейіп кеткені қатты алаңдатады. Өйткені, мұндай тауқыметті біздің отбасымыз да талай мәрте басынан кешірген. Сөз бостандығы жолында басымызды бәйгеге тігіп, біраз өмірімізді тәрк еттік. Денсаулығымызға да қандай нұқсан келгені айтпаса да түсінікті…» - деп жазды журналист.
Үміткер атап өткендей, қордаланып қалған мәселе шаш етектен.
«Менің ойымша, кез келген мәселенің соңғы шешімін табуды президенттің мойнына іліп қою дұрыс емес. Шенеуніктер қоғамның өзімен қоян-қолтық араласа жүріп, халықтың талабын бірлесіп шешу жолында алға басуы қажет. Президент институтына құрметпен қарай отырып, мен бір адамның ғана тұтас жүйеге жауап беріп, қордаланған мәселелерді шеше алмайтынына сенімдімін. Ниет пен амал! Әрқайсымыз өз босағамыздан, ауламыздан, жұмыс орнымыздан бастап, тәртіпке келтіріп, елді дамыта алатынымызды қоғам түсінуі керек», - деген сенімде журналист.
Ол атап өткендей, естуші мемлекеттің проблемаларға назар аударуы үшін бір ғана БАҚ пен әлеуметтік желілер жеткіліксіз. Әзірге біз биліктің проблемаларға дұрыс реакция беріп отырғанын байқап отырмыз. Оның өзі жаман емес.
«Үкімет пен парламентке жаңа көзқарастағы белсенді адамдар қажет. Мемлекеттік аппарат бюрократия мен қағазбастылыққа көміліп қалды. Шұғыл шешімдер қабылдау былай тұрсын, мойнына жауапкершілік алудан қашатын болды. Алматы қаласындағы бір мандатты №5 сайлау округі бойынша Мәжіліс депутаттығына сайлауға түсу ниетім бар. Жеңіске жеткен жағдайда менің Парламенттегі дауысым Алматы тұрғындарының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мүддесін қорғайтын болады. Мені әр өңірдегі жастар өкілдері, қоғам қайраткерлері, өнер қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдарындағы әріптестерім қолдап отыр. Олар өзгерістер мен дамуды қалайды. Біреулер дамуды сырттан іздеп жүр. Ал мен өз өмірімді қасиетті Отаныммен байланыстырамын. Біздің ұрпақ көптеген мәселені шешіп, Қазақстанды өркениеттің даңғыл жолына бағыттай алады деп сенемін!» - деді Матаев.

adimage