БҚО-да ұсақ малдың қырылуы, баспана бағасы туралы пікір және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 26 шілде. ҚазТАГ – БҚО-да ұсақ малдың қырылуы, баспана бағасы туралы пікір және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

«Ақтаудан велосипедпен шыққан ата Парижге жетті»

64 жастағы Раббым Борашев мамыр айында велосипедпен Ақтаудан шығып, Парижге жетті, деп хабарлайды El.kz.

Ақтаулық велосипедші Тбилиси, Анкара, София, Белград, Будапешт, Вена және Мюнхен жолдары арқылы 5000 шақырым жүріп, Триумфальды аркаға жетті. Оны Қазақстаннан келген туристер, қазақ диаспорасы және француз азаматтары қарсы алды.

Борашевті қарсы алуға Қазақстанның Франциядағы елшісі Гүлсара Арыстанқұлова мен туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев қатысты.

Бұл сапар Париж Олимпиадасының ашылуымен сәйкес болып отыр.

Еске сала кетейік, Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.

Талдықорғандағы «Ардагерлер саябағы» мемлекетке қайтарылды

Саябақты заңсыз иемденген азамат онда элиталық коттедж қалашығын салуды жоспарлап қойған, деп хабарлайды «Курсив».
Сот прокуратураның арызын қанағаттандырды.

«Ардагерлер саябағының» 74 гектар жерін жеке тұлғаға беруді заңсыз деп тану және оларды мемлекет меншігіне қайтару туралы талап арызын қанағаттандырды», - делінген прокуратура хабарламасында.
Прокуратураның мәліметінше, 2004 жылы саябақ аумағына жататын учаске жеке тұлғаға заңсыз берілген. Кейіннен, жер иесі онда элиталық коттедж қалашығын салуды көздеп, пайдалану мақсатын өзгерткен.

 Сол үшін саябақ аумағы 240 учаскеге бөлінген.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

«Баспана бағасы өспесе, түспейді» – Бақытжан Жүнісбеков

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков үй бағасының қалай құбылатынын айтты, деп хабарлайды Aiqyn.

«Бағаның күрт төмендеуі байқалмайды. Өйткені кез келген жағдайда инфляциялық процесс тұрғын үй құнына әсер етеді. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша пайдалануға берілген тұрғын үй алаңының өсу үрдісі байқалады. Құрылыстың орташа нақты шығындары да шамамен 2-3%-ға өсті, бірақ мәмілелер саны азайды. Бағаның төмендеуін мәмілелер санының азаюымен байланыстырамыз. Жалпы алғанда, бағаның күрт өсуі немесе төмендеуі күтілмейді», – деді ол.

«БҚО-да ұсақ малдың жаппай қырылуына қатысты тексеру басталды»
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық департаменті әлеуметтік желілерде малдың жаппай ауруға шалдығуы және қырылуы туралы жарияланымдарға қатысты тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ведомствоның мәліметінше, 24 шілде сағат 6:00-ден бастап Казтлов ауылында қатты жаңбыр жауған. Шопан жайылымнан қойларын ауылға айдай алмай, Казталов ауылдық округіндегі Мышым қыстауына тастап кеткен. Салдарынан 25 шілдеге қараған түні 38 бас қой-ешкі қырылған. Сол күні ветеринарлық қызмет мамандары өлекселерді мал қорымына шығарды.

«Аса қауіпті ауруларды болдырмау үшін өлген екі бас қой мен бір ешкіден патологиялық материалдар іріктеліп алынып, АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық ветеринариялық зертханасына жіберілді. Талдау нәтижелері 5 тамызда дайын болады», – делінген хабарламада.

Фото көзі: pixabay.com


adimage