Алматы – Ыстықкөл жолы: жаңа бағытты әзірлеу басталады

Алматы. 4 желтоқсан. ҚазТАГ – Қазақстан-қырғыз үкіметаралық кеңесінің отырысында Ұзынағаш, Қастек және Шолпан-Ата арқылы өтетін Алматы – Ыстықкөл жолының техникалық-экономикалық негіздемесі бойынша жұмыстарды бастау туралы шешім қабылданды. Жаңа бағыттың ұзындығы 280 км құрайды, деп хабарлады ҚР премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсынан.

«Тараптар «Алматы – Ыстықкөл» автомобиль жолын салу жөніндегі жобаны іске асыруға мүдделі екендігін атап өтті. Азия даму банкінің гранттары есебінен ұзындығы 280 шақырым болатын «Алматы – Ұзынағаш – Қастек – Михайловка – Шолпан-Ата» жаңа бағытының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жөніндегі жұмысты бастау туралы шешім қабылданды», - делінген хабарда.

Бұл жоба өңірлік ынтымақтастықтың үлгісіне айналған және көліктік байланыс, туризмді дамыту, ауа сапасын жақсарту, денсаулық сақтау секторы, агробизнес, сондай-ақ климаттық өзгерістерге ден қою саласындағы бірқатар зерттеулер мен жобаларды бастаған «Алматы – Бішкек экономикалық дәлізі» (АБЭД) бастамасы аясында талқыланды.

Бірлескен жеті өткізу пунктін жаңғыртуды көздейтін Қазақстан–Қырғызстан мемлекеттік шекарасында автомобиль өткізу пункттерін дамыту жөніндегі Жол картасын іске асыру мәселелері талқыланды. Қазақстандық тарап бұл жұмысты заманауи және автоматтандырылған бақылау және тексеру жүйелерін енгізу арқылы жүргізуді жоспарлап отыр.

Қатысушылар "Алматы – Ыстықкөл" автомобиль жолының жобасы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы туристік алмасуды ұлғайтуға және экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал ете отырып, өңірдің көлік желісінің негізгі элементі болатынын атап өтті.


adimage