Ақтау портының акваториясын түп тереңдетуді қаржыландыру бюджетті нақтылау кезінде пысықтау жоспарлануда

Астана. 18 ақпан. ҚазТАГ – Ақтау портының акваториясында теңіз түбін тереңдету жұмыстарын қаржыландыру бюджетті нақтылау кезінде пысықтау жоспарлануда, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

«Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы жобалау-сметалық құжаттаманы әзірледі және 2024 жылғы желтоқсанда мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Аталған қорытындыға сәйкес жұмыстардың жалпы құны Т42,1 млрд-ты құрайды, оның 1-кезегіне (2025 жылы) – Т20,6 млрд», - деп мәлімдеді премьер-министр Олжас Бектенов депутаттардың сауалына жауап бере отырып.

Сондай-ақ үкімет басшысы Ақтау портының акваториясында түп тереңдету жұмыстарын 2025 жылы жүргізудің маңыздылығын назарға ала отырып, қаржыландыру мәселесін 2025 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде пысықтау жоспарланып отырғанын атап өтті.

Айта кетсек, сенат депутаттары үкіметке жолдаған сауалында Ақтау порты акваториясында теңіз түбін тереңдету жұмыстарын уақытында атқару мақсатында жобаны қаржыландыруға қаражат бөлуді сұраған болатын.

Олардың айтуынша, бұл өз кезегінде еліміздің көлік логистикалық әлеуетін арттыру бағытында зор мүмкіншіліктер береді.

«Жобалық-сметалық құжаттама бойынша жұмыс көлемі үш кезеңнен тұрады және де құны Т20 млрд-ты құрайтын 1-кезең 2025 жылы басталуы тиіс. Алайда бүгіңгі таңда бұл бағытта жұмыстың атқарылуына қаражат көзі қаралмағаны анықталып отыр, бұл өз кезегінде жобаның уақытында іске аспай қалуына, және де тұтастай алғанда Транскаспий Халықаралық көлік маршрутының тұрақты жұмыс істеуіне кері әсерін тигізу тәуекелін тудырып отыр», - деді сенаторлар.

Фото көзі: Ақтау порты


adimage