«Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына қомақты айыппұл салынды
«Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына экологиялық талаптарды бұзғаны үшін Т32 млрд айыппұл салынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Маңғыстау облысының прокуратурасы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның қызметінде ағынды суларды жер қойнауына жіберу, сондай-ақ тиісті шектеу орнатпай бұрғылау қалдықтарын жинақтаумен байланысты өрескел заң бұзушылықтар анықтады.
«Прокурорлармен қолданылған шаралардың нәтижесінде, соттың 4 желтоқсандағы қаулысымен компания Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабымен әкімшілік жауаптылыққа тартылып, Т31 млрд көлемінде айыппұл салынды», - делінген хабарламада.
Сот актісі заңды күшіне енді.
Бұдан бөлек, дәл осы компанияның мұнай жылыту пештерінен экологияға зиянды қалдықтардың көп шығуы фактісі анықталып, 11 желтоқсанда сот Т1,2 млрд айыппұл салған.
12 жастағы Зеренің оқиғасы: Air Astana сотта тағы жеңілді
Air Astana әуежейда қалдырып кеткен 12 жастағы Зеренің оқиғасына қатысты іс бойынша апелляциядан да жеңілді. Компания сотта қыздың анасына берілетін моральдық өтемақыны Т5 млн-нан Т1,5 млн-ға дейін азайтуды сұраған, деп хабарлайды El.kz.
Бірақ апелляциялық сот шешімді өзгеріссіз қалдырған. Бұл туралы қыздың адвокаты Данильхан Шағатаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Енді сот үкімі бойынша, компания Зеренің анасына материалдық өтемақы ретінде Т5 млн төлеуі керек.
Биыл студенттердің стипендиясы екі есе өседі
Ғылым және жоғары білім министрлігі осы жылы 1 қыркүйектен бастап елімізде студенттерге арналған стипендия мөлшері өсетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап: бакалавриат – Т52 372 дейін; педагогика және медициналық бағытында білім алушыларға – Т84 000 дейін; магистранттарға – Т117 098; докторанттарға – Т262 500 дейін өседі.
Емтихан сессиясын «өте жақсы» тапсырған жағдайда жоғары стипендия алу мүмкіндігі сақталады.
Мемлекетке қайтарылған Т1,1 млрд-қа Кеген ауданында спорт кешені салынбақ
Үкімет Алматы облысы Кеген ауданының Жалағаш ауылында спорт кешенін салуға Т1,1 млрд бөлді. Жоба «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң шеңберінде іске асырылып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Спорт кешені жалпы дене шынықтыру дайындығы бойынша оқу-жаттығу сабақтарына және жарыстар өткізуге арналған. Жобада бокс, күрес және басқа да спорт түрімен айналысуға арналған бірнеше зал қарастырылған.
Фото көзі: ҚазТАГ/©Әмір Қасенов