«Қазақмыс» шахтасындағы трагедия: Тоқаев үкіметке төтенше жағдайды мұқият тексеруді жүктеді, 600-ге жуық блогер табысын жасыруға тырысқан және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 18 ақпан. ҚазТАГ – «Қазақмыс» шахтасындағы трагедия: Тоқаев үкіметке төтенше жағдайды мұқият тексеруді жүктеді, 600-ге жуық блогер табысын жасыруға тырысқан және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

ҚМДБ биылғы пітір садақа мөлшерін белгіледі

Биыл Рамазан айы 1 наурызда басталады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шариғат және пәтуа бөлімі Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесімен ақылдаса келе осы күн бекітілгенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде Т655 болып бекітілді», - делінген ҚМДБ хабарламасында.

Пітір садақа – әрбір мұсылман үшін Рамазан айында берілуі тиіс міндетті садақа. Ол жан басына есептеліп, әр отбасы мүшесі үшін төленеді.

600-ге жуық блогер табысын жасыруға тырысқан

Мемлекеттік кірістер комитеті блогерлерге кірістерін төмендету бойынша камералдық бақылау хабарламалары жіберілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мемлекеттік кіріс органдары салық міндеттемелерінің толық орындалуын қамтамасыз ету мақсатында блогерлерді қоса алғанда, жеке тұлғаларға салықтық әкімшілендіруді тұрақты негізде жүргізеді.

«Бақылау барысында уәкілетті мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және өзге де тұлғалармен өзара іс-қимыл жасалып, әртүрлі ақпарат көздерінен алынған деректер ұсынылған салық декларацияларының мәліметтерімен салыстырылды. Нәтижесінде 594 тұлғаның салықтық есептілігінде Т53,3 млрд көлемінде сәйкессіздік анықталды. Осыған байланысты 13-14 ақпан күндері салық төлемдерін төмендету фактілері бойынша камералдық бақылау хабарламалары жіберілді», — делінген хабарламада.

Құжатта көрсетілген талаптарды орындау үшін азаматтар қосымша салық есептілігін тапсырып, өз бетінше есептелген салықтарды төлеуі қажет. Егер хабарламамен келіспесе, түсіндірме ұсынуға құқылы. Хабарламаның орындалу мерзімі – 30 жұмыс күні.

«Қазақмыс» шахтасындағы трагедия: Тоқаев төтенше жағдайдың мән-жайын мұқият тексеруді жүктеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысында кеншілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Президент «Қазақмыс» корпорациясының Ұлытау облысындағы кенішінде тау массасының құлауы салдарынан қаза болған жұмысшылардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Мемлекет басшысы үкіметке төтенше жағдайдың мән-жайын мұқият тексеру жөнінде міндет жүктеді. Салалық ведомстволар мен өңір әкімдігіне марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсету туралы тапсырма берілді», – деп хабарлады Ақорда.

Қазақстанның батысында жедел жәрдем көліктері 86%-ға тозған

Қазақстанда пациенттердің шақыртуларына шығып жүрген 2,5 мыңға жуық жедел жәрдем машинасы 60,4%-ға ескірген. Кейбір облыстарда санитарлық көліктердің тозу деңгейі 90%-ға жуықтайды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі біздің ресми сауалымыздың жауабында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрліктің мәлімдеуінше, қазір елімізде Жедел медициналық жәрдем станциялар балансында 2 418 автокөлік бар, оның 1 531-і – қалада, ал 887-сі – ауылда. Осы автокөліктердің 2 115-сі, яғни 87,5%-зы жүріп тұр.

«2025 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда санитарлық автокөліктің тозу деңгейі 60,4%-ды құрап отыр. Бір жыл бұрын олардың тозу көрсеткіші 44,2% болған. Тозу деңгейі ең жоғары өңірлер: Абай (73,5%), Ақмола (64%), Атырау (69,1%), Шығыс Қазақстан (63%), Батыс Қазақстан (86%), Қостанай (70,2%), Қызылорда (65,5%), Маңғыстау (75%), Павлодар (74,2%), Солтүстік Қазақстан облыстары (62,3%) мен Астана (69%), Шымкент (75%) қалалары», - деп жауап берді министрлік.

Фото көзі: Ашық дереккөз


adimage