Әлия Назарбаевамен және «ӨКМ Операторымен» байланысты зауыт Т1,5 млрд. сатылды

Астана. 21 мамыр. ҚазТАГ – Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаевамен және «ӨКМ Операторымен» байланысты зауыт Т1,5 млрд. сатылды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Сауда түрі: Бағаны көтеру бойынша аукцион (2021 жылдың 17 қаңтарынан). Бастапқа бағасы: Т1 533 241 595. Кепілді жарна: Т110 760 000. Сауда статусы: Жасалды. Сауданың басталуы: 2024 жылдың 2 мамыры сағат 11.00. Сату бағасы: Т1 533 241 595», - делінген мемлекеттік мүлік тізілімінің электронды сауда алаңындағы хабарламада.
Бағалау есебінде меншік иесі «RecyclingCompany» ЖШС болып табылатын нысан Қарағанды облысында орналасқан. Еске салайық, зауыт «ROP Operator» қызметі аясында автоқалдықтарды өңдеуге тиіс еді. Қызығы, сараптама нысанды зауыт сатылған сомадан үш есе дерлік жоғары бағалаған.
«Есепте ұсынылған деректер негізінде, біз мүліктік кешеннің ғимараттары мен құрылыстарының, жылжымалы мүліктің, тауарлы-материалды құндылықтардың (...) нарықтағы бағасы 4 146 245 573 теңге болды деген қорытындыға келдік», - делінген бағалау есебінде.
Атап өтелік, өзін «елбасы» деп атаған экс-президенттің кіші қызының есімі соңғы кезде жиі аталып жүр, оның үстіне жақсы жағынан емес.
Мәселен, 2024 жылдың 12 наурызында Астана тұрғындары үйілген қоқысқа шағымданды. Оны шығару Назарбаевамен байланысты "Clean City NC" ЖШС жауапкершілігіне жүктелген. Бұл ретте, бұған дейін 2023 жылдың 26 қыркүйегінде экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Назарбаева компаниясы қоқыс шығарумен айналыспайды деп мәлімдеді. Алайда кейінірек министрлер кабинеті мүшесінің бұл ақпараты шындыққа жанаспайтыны белгілі болды. 2024 жылдың 12 наурызында Қазақстанның бас экологы қыркүйек айында Назарбаевамен байланысатын компания бұдан былай қоқыс шығарумен айналыспайды деп мәлімдеп, оның бұрын жұртқа неге жалған ақпарат бергенін анықтау керек деген пікір білдірді.
Сонымен қатар, белгілі болғандай, кешегі күнге дейін теміржол билеттерінің бағасын белгілеуде Назарбаевамен байланысы бар Instant Payments компаниясының маңызды рөл атқарған. Бұл компания 2022 жылғы қаңтар оқиғасына дейін "Қазақтелеком" ұлттық компаниясымен тығыз жұмыс істеген.
2023 жылдың 20 қыркүйегінде Amanat партиясының мәжіліс депутаты Ерлан Саиров "РОП операторы" ісіндегі экс-президенттің кенже қызының рөліне прокуратураның назарын аударды. Қаңтар оқиғасынан кейін көп ұзамай, 2022 жылдың 18 қаңтарында Назарбаеваның Қазақстаннан 312 миллион доллар шығаруының ықтимал схемасы анықталды. 2022 жылдың 19 қаңтарында "РОП операторы" қалдықтарды жинау құқығынан айырылды – бұл компанияны да Назарбаевамен байланыстырады. Қылмыстық іс атышулы болғанымен, экс-президенттің қызы сот отырысына тіпті куә ретінде де қатысқан жоқ.
2024 жылдың 28 ақпанында "Азия TПK" ЖШС құрылтайшысы Нұрлан Бимурзин серіктесі Меғдат Қалиев екеуі Назарбаева мен Рогованың рейдерлік шабуылының құрбаны болғанын мәлімдеген еді.
«2003 жылы Назарбаева өз ықпалын пайдалана отырып, құны 170 миллион доллар болатын (2003 жылғы есеп бойынша) жеті мұнай базасы мен 96 жанармай құю бекетінен тұратын жұмыс жасап тұрған бизнесті басып алды. Ол бұрынғы иелерін түрмеге қаматып, дене жарақатын саламын деп қорқытты. Оның қоқан-лоқысы сенімді болу үшін, ол күндіз Алматының орталығындағы кәсіп иелерінің бірінің әкесін ашықтан-ашық ұрлап кеткен және куәгерлердің айтуынша, ұрлауға құқық қорғау қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін», - деді бұған дейін кәсіпкерлер.
14 наурызда бас прокуратура Назарбаева тарапынан рейдерлік жасалғаны туралы арызды тіркегенін хабарлады. Алайда 5 сәуірде полиция экс-президенттің кіші қызына қарсы қылмыстық іс қозғаудан бас тартқаны анықталды.
Ал 23 сәуірде белгілі болғандай, Назарбаева Бимурзиннің үсітнен арыз жазған. 23 сәуірде ҚазТАГ Назарбаеваның «баласы» - Алматыдағы – Wellness Club Luxor фитнес-орталығын $25 млн сату жоспарланып жатқанын хабарлады. 22 сәуірде «Азия ТПК» ЖШС құрылтайшылары аталмыш кешеннің салынуына олардың да қаражаты жұмсалғанын мәлімдеді. Сол кезде олар «прокуратураның Әлия Назарбаеваға қатысты қылмыстық істі қозғаудан бас тарту туралы полиция шешімінің күшін жойып, іс материалын Алматы қаласы бойынша ЭТД-ге жолданғанын» айтты. 16 мамырда Әлия Назарбаеваның тарапынан рейдерлік қоқан-лоқы жасалды деп мәлімдеушілер халықаралық сатыдағы органдарға жүгінетіндерін айтты.
Айта кетерлігі, Қазақстандағы көптеген топ-шенеуніктер әлі күнге дейін журналистер тарапынан қойылған Назарбваеаға қатысты өзекті сұрақтардың жауабында экс-президенттің кіші қызының атын атамайды. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидың айтуынша, шенеуніктердің бұл әрекеті «Ескі Қазақстан» қайта орала ма деген қорқыныштарынан туындаса керек.

adimage