Дархан Сатыбалды президент әкімшілігінің бірінші орынбасары болды
Дархан Сатыбалды Түркістан облысының әкімі қызметінен босатылғаннан кейін Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалып отыр, деп хабарлайды Orda.kz.
Сатыбалды 2022 жылдың тамызынан бастап Түркістан облысын басқарды.
«Мемлекет байлар өткізген қымбат қолсағат, асыл бұйымдарды аукционға шығарды»
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы мемлекеттік аукцион сайтында қымбат бұйымдарды аукционға шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мемлекетке қайтарылған активтерді сатып, бюджетке қаражатын бағыттауға қаржы министрлігіне қарайтын қайтарылған активтерді басқару компаниясы жауапты.
Компания қандай мүлік кімнен қайтарылғанын, ол нысандар немесе асыл бұйым қандай жолмен мемлекет меншігіне өткенін ашып айтпайды.
Мемлекеттік аукцион сайтында жақында осындай мүліктердің көз тартар бір шоғыры саудаға шығарылды. Оның ішінде құны жүздеген миллионға баратын қымбат сағаттар, құнды сақиналар мен сырғалар бар.
«Ресей өкілдері кінәлі деп айта аламын»: Әзірбайжан президенті ұшақ апатына кінәлілерді жазалауды талап етті
Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтаудағы ұшақ апатына кінәлілерді жазалауды талап етті, деп хабарлайды Stan.kz.
Ильхам Алиев Әзірбайжан азаматтарының қаза болуына Ресей өкілдері кінәлі екенін сеніммен айта алатынын жеткізді.
«Біз әділдікті, кінәлілердің жазалануын, толық ашықтық пен адамгершілікті талап етеміз», – деді ол.
Әзірбайжан президенті бұл туралы ұшақ апатында қаза тапқан экипаж мүшелері мен тірі қалған бортсеріктердің отбасы мүшелерімен кездесуде айтты. Сондай-ақ қазір қара жәшікті декодтау процесі жүріп жатқанын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы жұртты алаңдатқан метапневмовируске қатысты пікір білдірді
Қасым-Жомарт Тоқаев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттер үйіне барған кезінде жұртты алаңдатып отырған метапневмовируске байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Nege.kz.
Президент Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен магистранттарына және докторанттарына арналған 2656 орындық жаңа жатақхананы аралап көрді.
Ғылым және жоғары білім министрі президентке студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу арқылы академиялық хаб құру шаралары жөнінде баяндады.
Тоқаев бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарды оң бағалап, білім беру саласындағы және жастар арасындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызды екеніне назар аударды. Сондай-ақ жұртты алаңдатқан метапневмовирус туралы пікір білдірді.
«Қазір бәрі жаңа инфекция туралы айтып жатыр. Меніңше, одан даңғаза жасаудың қажеті жоқ. Сондықтан Қытаймен ынтымақтастықты одан әрі дамытуымыз керек», – деді мемлекет басшысы.
Фото көзі: panoramarb.ru