«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң шеңберінде Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен Жетісу облысы Рудничный ауылында апатты жағдайдағы мектептің орнына жаңа ғимарат салынады. Үкімет бұл жобаны жүзеге асыруға 2,6 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады», - делінген хабарламада.
1969 жылы салынған орта мектептің ескі ғимараты 55 жылдан бері ешқандай күрделі жөндеу көрмеген. Қазіргі уақытта мектептің тозу деңгейі 40%-ды құрайды: су және кәріз құбырлары тозған, жылу жүйесі зақымданған. Қазір мектепте 140 тан аса оқушы білім алуда, селода барлығы 241-і мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар.
Жаңа мектеп 200 орынға есептелген, 30 орындық шағын дайындық орталығы болады.
Бұған дейін Үкімет Петропавлда балабақша, Атырау облысындағы Жамансор ауылында және Ұлытау облысының Мыңадыр стансасында мектеп, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша, Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешенін салуға, Риддер қаласында көпсалалы аурухана кешенінің құрылысын аяқтауға және басқа да жобаларды жүзеге асыруға қаржы бөлген болатын.
Фото көзі: Пресс-служба премьер-министра РК