Тоқаев Сауд Арабиясының королін Корольдіктің негізі қаланған күнімен құттықтады

Астана. 22 ақпан. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Король Салман бен Әбделазиз Әл Саудты Сауд Арабиясы Корольдігінің негізі қаланған күнімен құттықтады, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және өз атынан Қос киенің сақшысы, Король Салман бен Әбделазиз Әл Саудты Сауд Арабиясы Корольдігінің негізі қаланған күнімен құттықтады», - делінген бейсенбідегі хабарда.
Президент атап өткендей, бүгінде Сауд Арабиясы – саяси тұғыры берік, экономикасы қарыштап дамыған халықаралық қауымдастықтың беделді мүшесі.
«Аймақтық бірлікті, тұтастық пен бітімгерлікті ту еткен еліңіздің алдағы уақытта да Сіздің басшылығыңызбен игі мақсат-мұраттарға жете беруіне тілектестік білдіремін. Біз Корольдікті Қазақстанның ислам және араб әлеміндегі сенімді әрі маңызды серіктестерінің бірі деп білеміз. Осы ретте дәстүрлі достық пен мазмұнды саяси диалогқа негізделген ықпалдастығымыз өзара тиімді сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымызды нығайтуға арқау бола беретініне кәміл сенемін», - делінген жеделхатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Короліне мол бақыт, ұзақ ғұмыр, ал бауырлас сауд халқына бақ-береке тіледі.

adimage