Биыл отбасылық зорлық-зомбылықта 170 аса ауыр қылмыс жасалған, сырттай тоғыз жылға сотталған Талғат Ардан өзін ақтауды өтінді және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 26 желтоқсан. ҚазТАГ – Биыл отбасылық зорлық-зомбылықта 170 аса ауыр қылмыс жасалған, сырттай тоғыз жылға сотталған Талғат Ардан өзін ақтауды өтінді және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Биыл отбасылық зорлық-зомбылықта 170 аса ауыр қылмыс жасалған

Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша 26 мың отбасына сауалнама жүргізіп, қасақана зәбір көрсетуші 1 мың адам анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтың айтуынша, 2024 жылы отбасылық тұрмыста 260 ауыр қылмыс тіркелген, 2023 жылы 305 қылмыс тіркелген. Ал аса ауыр қылмыстар саны 170. Былтыр бұл 134 болған. Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы мамандандырылған бөлімшелер құрылған.

«Жаңа жұмыс форматына көштік. Отбасылық жанжалдарға шақыру кезінде жәбірленушілерге сауалнама жүргізіледі. 26 мың отбасының сауалнамасы бойынша 1 мың қасақана зәбір көрсетуші анықталды. Олармен психокоррекциялық жұмыс жүргізілуде. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа куә болған балалармен жұмыс істеуге ерекше назар аударылады. Денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, оқу-ағарту министрліктерімен дағдарыс орталықтарының қызметтерін алу бойынша бірлескен бұйрық әзірленді», - дейді министр.

Қанат Бозымбаев: Ұшақ апатын тергеу Қазақстанның құзыретінде болады

Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтау маңындағы әуе апатын тергеу жұмыстары Қазақстан юрисдикциясында екенін және бас прокурордың қатаң бақылауында болатынын айтты, деп хабарлайды Nege.kz.

Қазіргі уақытта тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі - «Көлік құралдарын пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу, адамдардың өліміне әкелу» бабы бойынша жүргізілуде.

«Жедел-тергеу тобы тарапынан қажетті іс-шаралар жүргізілуде. Біріншіден, оқиға орнын қорғау қамтамасыз етілді, барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Қазір ішкі істер органдарының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр», - дейді ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов.

«Қазақстан Ақтаудағы апаттан кейін әуежайларды, ұшақтар мен ұшқыштардың біліктілігін тексереді»

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстандағы әуежайлар мен ұшақтардың жағдайын тексеру үшін жоспардан тыс аудит жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды Stan.kz.

Үкімет басшысы Ақтау маңындағы әуе апатынан дұрыс қорытынды шығару керек деп есептейтінін айтып, жауапты тұлғаларға Қазақстанның авиациялық қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды.

«Бұл қайғылы оқиға елімізге ұшу қауіпсіздігі үшін де белгілі бір шараларды қабылдау қажет екенін көрсетеді. Бірінші кезекте жоспардан тыс тексеру жүргізіп, әуежайлар мен әуе кемелерінің техникалық жағдайын ерекше бақылауға алу қажет. Қабылданатын шаралар аясында авиакомпаниялардың әуе кемелерінің экипаждарының біліктілігін, рұқсаттарын және құзыретін қайта тексеру қажет», – деді Бектенов.

LRT ісі бойынша қашып жүрген Ардан өзін ақтауды өтінді

«Astana LRT» ЖШС бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ардан Қазақстаннан тыс жерде жасырынып жүрген жерінен Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкіміне шағымданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

11 қарашада Талғат Ардан лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану фактісі бойынша сырттай кінәлі деп танылған. Ол бұған дейін өткен мамырда тағы бір рет сотталған. Оны сот шетелде қашып жүрсе де, сырттай тоғыз жылға бас бостандығынан айырған.

Сотталушының адвокаты сот үкіміне апелляциялық шағым түсіріп, оны ақтауды сұрады.

«Астана қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылдың 25 желтоқсанындағы қаулысымен сот үкімі өзгеріссіз қалды. Апелляциялық шағым қанағаттандырылмады, өйткені сотталғанның кінәсі жәбірленуші өкілінің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және басқа да материалдармен дәлелденді», — делінген хабарламада.

Фото көзі: Ашық дереккөз


adimage