«Ішкі істер органдарының қажетті ресурстармен жарақтандырылу деңгейін арттыру мақсатында қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен әріптестік жасап қамтамасыз етудің 2024 – 2028 жылдарға арналған тұжырымдамасында облыста республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын үш полиция объектісін (емханасы бар госпиталь, желілік полиция бөлімі, мамандандырылған күзет қызметі басқармасы) салу көзделген, іске асырылу кезеңі – 2025-2028 жылдар аралығы», - деп мәлімдеді Олжас Бектенов.
Оның хабарлауынша, бүгінгі таңда ішкі істер министрлігімен бір ауысымда 100 адам қабылдайтын емханасы бар 60 төсек-орындық полиция департаменті (ПД) госпиталін салу бойынша инвестициялық жоба әзірленді және ұлттық экономика министрлігіне экономикалық сараптама жүргізу үшін жіберілді. Құрылыстың болжамды құны Т13,2 млрд.
Сондай-ақ премьер жергілікті бюджеттен облыстық ПД үшін 33 бірлік автокөлік және өзге де қажетті мүліктер сатып алу үшін 2023 – 2024 жылдар аралығында жалпы сомасы Т11,8 млрд бөлінгенін атап өтті.
«Облыстық ПД жаңа ғимаратын салу мәселесі кейіннен экономикалық ахуалдың жақсаруын және бюджет мүмкіндіктерін ескере отырып қаралады», - деді үкімет басшысы.
Айта кетсек, сенат депутаттары үкіметке жолдаған сауалында Ұлытау облысының полиция департаменті жалдап отырған «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің ғимараты заманауи техникалық талаптарға сәйкес өткізу-бақылау бекетімен, әкімшілік қамауға алынған адамдарды ұстауға қажетті арнайы орындармен, оқу-жаттығу залдарымен, тиісті коммуникациялық желілермен, ақпараттық және байланыс қондырғысына арналған сервермен, басқа да қажетті орындармен және құрылғылармен жабдықталмағанын айтқан болатын.
«Полиция департаментін заманауи талаптарға сәйкес ғимаратпен қамтамасыз ету жағдайы қарастырылса, халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімі артып, оның қызметі ретке келіп, тиімділігі артар еді және тәуелсіздігі қамтамасыз етілер еді», - дейді сенаторлар.
Фото көзі: gov.kz