Тоқаев: көрпеге қарай көсіліп, орынсыз шығындарды тоқтататын кез келді

Астана. 28 қаңтар. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаржысын жаппай үнемдеу қажеттігін және экономикалық тұралап қалудан сақтау үшін шығынды қатаң бақылау керектігін мәлімдеді, деп хабарлады агенттік тілшісі.

«Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс. (...) Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет», - деді Тоқаев сейсенбі күні үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді.

adimage