Бойдақтар салығы 35-50 жас аралығында болу керек – депутат, Қарақат Әбден түрмеде отырған әйелдерге амнистия жасауды ұсынды және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 29 қаңтар. ҚазТАГ – Бойдақтар салығы 35-50 жас аралығында болу керек – депутат, Қарақат Әбден түрмеде отырған әйелдерге амнистия жасауды ұсынды және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Қошанов қосымша құн салығының көтерілуі туралы: «Мұқият зерттеу қажет»

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттардың салықтық өзгерістерге қатысты барлық аспектілерді мұқият қарастыруы қажет екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«ҚҚС пен әлеуметтік салыққа қатысты үкіметтің ұстанымын тыңдадық. Бұл мәселе бойынша сарапшылар мен парламент депутаттары да өз пікірлерін білдіріп жатыр. Сондықтан Налог кодексін тағы бір рет мұқият қарап, мемлекеттік органдармен және бизнес қауымдастығымен бірге ұсынылып отырған түзетулерді талқылау қажет. Барлық аспектілерге терең үңіліп, салықтық ортаны жақсартуға бағытталған теңгерімді шешім қабылдау маңызды», – деді Қошанов.

«Бойдақтар салығы 35-50 жас аралығында болу керек – депутат»

Мәжіліс депутаты Болат Керімбек бойдақтарға салық салу мәселесі бойынша пікірін білдірді, деп хабарлайды Baq.kz.

Оның айтуынша, бұл қоғамдағы қатынасты реттеу үшін, жастарға сигнал ретінде тәртіпке, отбасын құру ретке келіп, көпбалалы болу мақсатына қатысты шешім.

«Жалпы отбасын құрған адам өмірде ешқашан ештеңеден ұтылмайды. Баласы уақытында ерте дүниеге келіп жатса, кейін баласы ер жетіп немерелі болса, ол балаларының уақытында қызығын көрсе одан бақытты адам жоқ. Тіпті мынадай статистика бар. Отбасын құрған ер азамат сүр бойдақтарға қарағанда 10-15 жыл ұзақ өмір сүреді екен. Бұл әлемде дәлелденген мәлімет, оны социологтар да, демографтар да айтып отыр. Бізде «он үште отау иесі», дейді ғой. 13 жаста қазір қисынсыз, бірақ 35 жасқа дейін әр азамат өмірін жоспарлап, отбасылы болу керек. Бұл менің ұсынысым», - дейді депутат.

«Бас прокуратура Дана Орманбаеваны іздеуге қатысты пікір білдірді»

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев журналист Дана Орманбаеваның ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Nege.kz.

«Оған 174-бап бойынша айып тағылып, іздеу жарияланды. Оның қайда екенін анықтау үшін барлық тергеу амалдары басталды. Бұл жұмыспен Интерпол айналысып жатыр. Оның дәл қазір қайда екенін нақты айта алмаймын. Әлеуметтік желіде ол Біріккен Араб Әмірліктерінде деп айтылып жатыр. Әзірге, бізде нақты ақпарат жоқ», - деді ол.

Қарақат Әбден түрмеде отырған әйелдерге амнистия жасауды ұсынды

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден депутаттық сауал жолдап, елде сотталған әйелдерге амнистия жариялауды ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz.

Депутат Ауыл партиясының фракциясы сотталған әйелдердің жасаған қылмысы зорлық-зомбылық жасаумен байланысты болмаса, қоғам үшін қауіп төндірмейтін болса, ондай әйелдерге амнистия жасау мүмкіндігін қарастырып көруді ұсынатынын жеткізді.

Оның айтуынша, мұндай шара әлеуметтік әділдік орнатуға, отбасы құндылығының нығаюына және өмірде қиын жағдайға тап болған әйелдердің дұрыс жолға түсуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді.

«Көп жағдайда отбасыдағы бала тәрбиесі әйелдердің мойнында. Ана алақанның аясы - ақ шынардың саясы деген сөз бар. Бүгінгі таңда 2336 әйел бас бостандығынан айырылған, олардың жартысы - аналар, оның ішінде 250-і көп балалы аналар. 1500-ден астам бала анасыз қалып, аналарымен қауышуды күтіп отыр. 100-ге жуық сәби үйіне жіберілген. Бұлар жай ғана цифрлар емес - бұл ойран болған отбасылар, бұзылған тағдырлар, ең сорақысы ана жылуынан айырылған сәбилер», - дейді Қарақат Әбден.

Фото көзі: parlam.kz


adimage