Дүниежүзілік банк Қазақстандағы табыс көзін орташадан жоғары деп бағалады, Алматыда ұсталған блогерлер қамауға алынды және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 30 қаңтар. ҚазТАГ – Дүниежүзілік банк Қазақстандағы табыс көзін орташадан жоғары деп бағалады, Алматыда ұсталған блогерлер қамауға алынды және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Алматыда ұсталған екі блогер қамауға алынды

Алматыда кәсіпкерден ақша бопсалап, Т10 млн алып жатқан жерінде блогерлер ұсталған болатын. Ұсталған блогерлер Дамир Көшеев және Руслан Каримов екені анықталды, деп хабарлайды Turkistan.

«Бопсалауға байланысты күдікке ілінген блогерлерге сот қаулысымен екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды», – делінген қалалық полиция департаментінің хабарламасында.

Айта кетсек, оларға «Аса iрi мөлшерде бопсалау» бабы бойынша іс қозғалып жатыр.

«Қаршадай қыздар арасында туу көрсеткіші артып отыр» – Нұртөре Жүсіп

Сенатор Нұртөре Жүсіп еліміздегі ерте жүктілік мәселесін депутаттық сауалында көтерді, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оның мәліметінше, соңғы бес жылда жасөспірімдер арасында туу көрсеткіші шамамен 1,5 есе артқан.

«Бұл енді пандемия кезінде басталған екен. Соңғы төрт жылда бұл үрдіс бір деңгейде сақталып келе жатыр. 2023 жылы қаршадай қыздар арасында 5 094 босану фактісі тіркеліп отыр. Бұл сол кезеңдегі жалпы туу көрсеткішінің 1,3%-ын құрайды. Имандылықтың ұясы деп есептелетін ауылдық жерде екі есе артып отыр. Жап-жас қыздарды қорлау да көбейді, тіпті зорлау көбейді. Бұл жағдай да ерте жүктілікке әкеледі. Бірақ көбінесе мұндай оқиғалар жабулы күйінде қалып, қыздар ішінен тынып қалады. Көрсек те көрмеген болып, білсек те білмеген болып осылай отыра береміз бе?», – деді депутат.

Үкіметке жолдаған сауалында ол барлық мүдделі тараптардың, әсіресе білім беру және денсаулық сақтау салалары өкілдерінің мәселеге белсенді араласуын талап етеді.

Шымкентте түрмеден ерте босаған 138 адам қателіктері үшін қайтадан темір торға қамалды

Шымкент қаласының прокуратурасы пробация есебінде тұрған азаматтарды тексеретін мобильді топ құрып, түрмеден ерте шыққан 138 адамды қайта қаматқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақпаратқа сәйкес, мобильді топ мерзімінен ерте шығу туралы сот шешімін орындамай жүрген азаматтарға қатысты 258 заң бұзу фактісін анықтаған.

«Осылайша, 192 сотталған адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 138 сотталғандардың жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауысты», - делінген қалалық прокуратураның хабарламасында.

«Дүниежүзілік банк Қазақстандағы табыс көзін орташадан жоғары деп бағалады»

Дүниежүзілік банк соңғы деректерінде Қазақстанның табысы «орташадан жоғары» санатына жататынын көрсетті, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Рейтингте дүниежүзілік банктің деректері арқылы әлем елдерінің табыс деңгейі қандай екені көрсетілген. Мұнда мемлекеттерді жан басына шаққандағы орташа табысқа байланысты төрт топқа бөледі: төмен; орташадан төмен; орташадан жоғары; жоғары.

Қазақстан дүниежүзілік банктің соңғы деректері мен Visual Capitalist материалдарына сәйкес, «орташадан жоғары» санатына жатады. Бұл дегеніміз, жан басына шаққандағы кірістер Upper-Middle Income үшін анықталған шектен жоғары.

Фото көзі: cloudfront.net


adimage