«Премьер-министр Олжас Бектенов пен Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин екіжақты келіссөздер жүргізді, оның барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен РФ Президенті Владимир Путин арасында екіжақты сауда көлемін арттыру бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелері талқыланды»,- делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, екі ел арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту жоспарлары қаралды. Өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік өнеркәсібі және басқа да салалардағы өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі міндеттерді жүзеге асыруға назар аударылды.
Ресей – Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі. Өткен жылдың 11 айында өзара сауда көлемі $24,2 млрд-қа жетті. Екі мемлекет басшылары арасындағы тауар айналымын $30 млрд-қа дейін жеткізу жөніндегі уағдаластықтарына қол жеткізу мақсатында тасымалданатын тауарлар аталымын кеңейту маңызды.
Экономикалық ынтымақтастықтың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын іске асырудың оң нәтижелері атап өтіліп, алдағы кезеңге жаңартылған бағдарламаны әзірлеу қажеттігі нақтыланды.
2024 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің айналымы 5%-ға өсіп, $3,2 млрд-тан асты.
Өнеркәсіп кооперациясы саласында бүгінгі таңда $18,6 млрд-қа қазақ-ресейлік 99 жоба іске асырылды. Қазақстанда жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары қаралды.
Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдау жоғары қарқынмен дамып келеді. Осыған байланысты автокөлік және теміржол инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ су көлігі саласында жаңа баламалы бағыттар ашуға көңіл бөлінуде.
«Келіссөздер нәтижесінде тараптар стратегиялық әріптестікті нығайтуға және барлық бағыт бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты»,- делінген хабарламада.
Фото көзі: пресс-служба премьер-министра РК