2024 жылы прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесі 19%-ға жеткен

Астана. 29 қаңтар. ҚазТАГ – 2024 жылы прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесі 19%-ға жеткен, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

«Қазіргі таңда президенттің тапсырмасына сәйкес киноиндустрия саласын реформалау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы 10 жылға «Қазақ киносының даму стратегиясын» әзірлеу мәселесі қолға алынды. Сондай-ақ мәдениет және ақпарат министрлігі тіл саясатын дамыту тұжырымдамасына сәйкес «Қазақ тіліндегі контенттің үлесін арттыру», «Әзірленген мемлекеттік тілдегі анимациялық өнімдердің көлемі» нысаналы индикаторларын жүзеге асыру бойынша тиісті жұмыстар атқаруда», - деп мәлімдеді премьер-министр Олжас Бектенов депутаттардың сауалына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, мемлекет қолдауымен түсірілетін барлық фильмдер қазақ тілінде түсіріледі және прокатқа екі тілде шығады. 2024 жылы прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесі 19%-ға жеткен. 2023 жылғы көрсеткіш 16% ғана болғанын ескерсек, бұл қазақ тіліндегі контентке сұраныстың артқанын көрсетеді.

«Қазіргі уақытта Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жанынан сценаристер, продюсерлер клубын құру жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы орталық жанындағы сараптамалық кеңестің қызметі қайта жанданды. Кеңес мүшелеріне қойылатын талаптар толықтырылды. Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржыландырудың тиімділігін, ашықтығын қамтамасыз ету үшін киножобаларды конкурстық іріктеу тәсілдері өзгертілді», - деп хабарлады премьер.

Сонымен қатар, үкімет басшысы мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрамына мәжіліс депутаттары, киноиндустрия саласының өкілдері кіретін жұмыс тобы құрылғанын еске салды.

«Аталған жұмыс тобының бірінші отырысын ақпан айында өткізу жоспарлануда. Отырыста кино саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру, ұлттық кинодағы қазақ тілінің мәртебесін көтеруге қатысты өзге де мәселелер жан-жақты талқыланады», - деді премьер-министр.

Айта кетсек, сенат депутаттары қазіргі қазақ киносының, оның ішінде көркем фильмдердің тіліндегі әлеуметтік-лингвистикалық мәселелер туралы үкіметке сауал жолдаған болатын.

«Қазіргі қазақ киносы мен телебағдарламаларындағы аралас тіл қолданылуы қоғамның әртүрлі топтарына, әсіресе жастарға теріс әсер етіп, олардың сөйлеу мәдениетін өзгертуде. Жастар арасында аралас тілдің қалыптасуы нәтижесінде қазақ тілінің бастапқы таза үлгісін сақтау қиындайды, олардың сөйлеу стиліне әсер етіп, тілдік нормалардың бұзылуына әкеп соғады. Ең қауіптісі, уақыт өте келе, мұндай аралас тіл жастардың ана тілі ретінде орнығады», - дейді сенаторлар.

Фото көзі: pixabay.com


adimage