Тоқаев бәсекеге қабілетті халықаралық әуе хабын құруды міндеттеді
Мемлекет басшы Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл түрде ірі әуежайларды халықаралық бәсекеге лайықты хабтарға айналдыруды тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Алдымызда жүк және жолаушылар терминалдары, логистикалық орталықтары және заманауи сервистері бар толыққанды экожүйе құру міндеті тұр. Жүк тасымалының барлық рәсімін жеңілдетіп, авиаотынға қолжетімді баға қою керек. Кейінгі мәселе өте өзекті. Өйткені біздің әуежайлардағы, атап айтқанда, Астана әуежайындағы авиакеросиннің бағасы тым қымбат. Үкімет бәсекелестікті қорғау ведомствосымен бірге аталған міндетті алғашқы жартыжылдықта орындауы керек», - деді президент.
«Бектенов субсидия бизнеске айналып кетті деп мәлімдеді»
Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекет беретін субсидияның бизнеске айналып кеткеніне наразылық білдірді, деп хабарлайды «Курсив».
«Субсидиялау шығындары барлық салада тоқтаусыз өсіп барады. Оның үстіне олардың нақты әсері есепке алынбайды әрі мемлекеттік органдардың тарапынан бақылау да әлсіз. Субсидия алу кейбір компаниялардың бизнес-моделінің бір бөлігіне айналды», – деді ол үкімет отырысында.
Үкімет басшысының мәлімдеуінше, соңғы үш жылда жалпы сомасы Т2,2 трлн-ға 770 жобаның сметалық құны қымбаттаған. Ал Т18 трлн-нан астам сома әлеуметтік салаға бағытталған. Бұл – республикалық және жергілікті бюджет шығыстарының жартысынан көбіне тең.
«ҚҚС қаншаға көтерілетіні ақпанның ортасында белгілі болады – Жұманғарин»
Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин шамамен 15-20 ақпанда Қазақстанда ҚҚС қаншаға көтерілетіні белгілі болатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Жалақы қорында біз қысқартқымыз келетін белгілі бір баптар бар. Қазір біз Қазір біз қысқартылатын баптардың санын анықтап жатырмыз. Егер бізге кейбір шығын баптарын қысқартуға рұқсат берілмесе, онда ҚҚС мөлшерін қатты көтермейміз, бірақ жалақы қорындағы шығындарын да қысқартпаймыз. Мұның бәрін есептеу керек. Үшіншіден, біз бұл мәселені бизнес қауымдастықпен әлі талқылап жатырмыз. Сенбі күні біз «Атамекен» ҰКП-да отырып, олар қандай модель ұсынып отырғанын қарадық. Содан кейін біз фракциямен, содан соң депутаттармен сөйлесеміз», – дейді Жұманғарин.
Қазақстандықтар 15-20 ақпаннан кешіктірмей жаңа ҚҚС мөлшерлемесін білетін болады.
Енді мектептер де ваучерлік тәсілмен қаржыландырылуы мүмкін – мемлекет басшысы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында мектептер салу мен жаңғырту жұмыстары жөнінде пікірін білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
«Бюджет қаржысын үнемдеп, қаражаттың ашық жұмсалуын қамтамасыз ету маңызды. Бұған жол ашатын тәсілдерді енгізу жұмыстарын жалғастыру керек. Осы орайда мектепке дейінгі мекемелерді ваучерлік тәсілмен қаржыландыратын пилоттық жобаны атап өткен жөн. Мемлекеттік тапсырыс белгілі бір білім беру мекемесіне байланбайтын болды. Соның нәтижесінде, ата-аналар балабақшаны өздері таңдауға мүмкіндік алды. Енді бұл тәжірибені орта білім беру саласына енгізуге болады. Тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір баланың білім алуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің міндеті», − деді президент.
Сонымен қатар, биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аяқталатынын атап өтті
«Барлық аймақта заман талабына сай тірек мектептер желісі құрылып жатыр. Менің тапсырмаммен үш жылда тағы 1300 мектеп жаңғыртудан өтеді. Бұдан бөлек, үкімет заманауи мектептер салуға қолайлы жағдай жасап, орта білім беру саласына жеке инвестиция тартуы қажет», − дейді мемлекет басшысы.
Фото көзі: gov.kz