«Түркістан – Шымкент» бағыты бойынша ақылы учаскелердің қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етпек

Астана. 15 қазан. ҚазТАГ – Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр «Түркістан – Шымкент» бағыты бойынша жолдардың ақылы учаскелеріне, олардың жай-күйіне және жол инфрақұрылымына қатысты депутаттардың сауалына жауап берді, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

«Жалпы, Түркістан облысының аумағы арқылы өтетін «Шымкент-Ташкент», «Шымкент-Тараз» және «Шымкент-Қызылорда» бағыттары бойынша ақылы учаскелердің ұзындығы 322 км. Ағымдағы жылы Қазақстан даму банкі есебінен жол-жөндеу жұмыстары жүргiзілуде. Атап айтқанда, «Шымкент-Ташкент» автожолының ұзақтығы 95 шақырымды құрайтын 705-803 учаскесінде және «Шымкент-Қызылорда» автожолының ұзақтығы 30 шақырымды құрайтын 2186-2216 учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде», - деп мәлімдеді Роман Скляр.

Сонымен қатар бірінші вице-премьер, осы ақылы учаскелерді күтіп ұстау шеңберінде цемент-бетон жабынының шөгуін жою, жарықшақтарды толтыру, деформациялық жіктерді тазалау мен мастика құю және көпір жабындарын ауыстыру жұмыстары жыл сайын тұрақты атқарылып жатқанын айтты.

Оның айтуынша, жануарлардың қатысуымен болатын жол-көлік апатын азайту үшін осы ақылы учаскелердің 155 шақырымында қоршауларды орнату жұмыстары атқарылуда. Өз кезегінде, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ақылы учаскелерде күнделікті жол полицияның 20 экипажы патруль жасайды.

Сондай-ақ үкімет басшысының бірінші орынбасары жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі жылдамдық режиміне қойылатын талаптарды сақтамау болып табылатынын атап өтті.

«Қазіргі уақытта «Түркістан-Шымкент» бағыты бойынша жол аралығындағы станцияларда тоқтайтын барлық аялдамалары бар №6937/6938 қала маңы пойызы аптасына 5 рет қатынайды. Сондай-ақ «Түркістан-Шымкент» бағытында күн сайын жүретін жолаушылар пойыздарының 8-9 жұбы қатынайды. Азаматтардан келiп түскен көптеген өтiнiштерге байланысты жоғарыда аталған бағыт бойынша жүрдек рельсті автобусын іске қосу жоспарлануда», - деп хабарлады премьер-министрдің бірінші орынбасары.

Фото көзі: gov.kz


adimage