Асхат Аймағамбетов МӘМС жүйесін сынады
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтың мәлімдеуінше, ай сайынғы МӘМС жарналарының шекті мөлшерін 50 ЕТЖ-ге дейін көтеру жұмысшылар мен жұмыс берушілерге ауыртпалық түсіріп, теңсіз жүктеме тудырады, деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Жүйелі мәселелерді шешіп, шығындарды оңтайландырудың орнына, МӘМС тағы да азаматтардан қосымша қаржы талап етіп отыр. Бірақ бұл талаптар ашықтыққа да, медициналық көмектің сапасын жақсартуға да кепілдік бермейді. Бұл шынайы реформа емес. Бұл – мемлекеттің өз міндетін орындамай, жауапкершілікті бизнес пен азаматтардың мойнына артуы. Мысалы, тек 2025 жылы бюджеттен МӘМС-ке Т300 млрд-тан астам қаржы жетіспейтін болады. Мемлекет пен азаматтардың бірлескен жауапкершілігі қайда?» – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Астана әкімі LRT құрылысы жөнінде баяндады
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте LRT құрылысы жайында баяндады, деп хабарлайды Stan.kz.
Оның айтуынша, бүгінде эстакада бөлігінің құрылысы аяқталып, станцияларда темірбетон жұмыстары орындалған. Сондай-ақ Есіл өзені арқылы көпір салынды. Қазіргі уақытта 18 станцияның құрылысы жүргізілуде.
«2026 жылдың соңына дейін жобаны толық аяқтау жоспарланған, оның ішінде Қабанбай батыр даңғылы мен Қалдаяқов көшесінің бойындағы LRT эстакадасы астындағы аумақты абаттандыру қарастырылған», – деді ол.
Әкім алғашқы пойыз құрамдары 2025 жылдың тамыз-қыркүйек айларында жеткізілетінін атап өтті.
«ҚМА кинологтары қызметтік-іздестіру иттері арқылы 17 келіге жуық есірткіні тәркіледі»
Экономикалық және қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, контрабандаға қарсы күрес және заң мен тәртіпті сақтау Қаржылық мониторинг агенттігінің басым міндеттері. Жыл басынан бері агенттік иттердің көмегімен есірткіні заңсыз тасымалдаудың 33 фактісін анықтады", -деп хабарлайды Turkistan.
Табылған есірткінің жалпы салмағы 17 кг, оның ішінде: марихуана/каннабис – 5,2 кг. (20 факт); гашиш/гашиш майы – 11,5 кг. (11 факт); көкнәр сабаны, тетрагидроканнабинол және басқа да синтетикалық есірткі түрлері.
Перизат Қайраттың ісі бойынша оның анасы да күдікке ілінгені туралы ақпарат тарады
Қайырымдылыққа бөлінген Т1,7 млрд-ты жымқырды деген күдікпен қамауға алынған блогер, кәсіпкер Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаева да істі болуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бірер күн бұрын Алашбаева жымқыру бойынша күдікке ілінді. Тергеу мәліметі бойынша ол қазақстандықтардың көктемгі су тасқынына деп жинаған ақшаны қызына қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектескен», - деп жазды журналист Михаил Козачков.
Azattyq Rýhy тілшісінің жазуынша, аталған жағдайға қатысты Қаржы мониторингі агенттігінен мән-жайды сұрап білді. Агенттік бұл ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығарған жоқ.
Фото көзі: Ашық дереккөз