Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне берілетін төлемақы өседі
Алматыда Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне төленетін біржолғы төлемнің көлемі артпақ. Бұл туралы қала әкімі қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдерімен кездесуде айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Әкімдіктің мәліметінше, келесі жылы ҰОС ардагерлеріне біржолғы төлем Т2 млн-нан Т5 млн-ға дейін, ал тыл ардагерлеріне берілетін төлем Т50 мыңнан Т100 мыңға дейін артады деп жоспарланған.
«ҰОС ардагерлеріне берілетін біржолғы төлемдерді Т5 млн-ға дейін ұлғайту мүмкіндігіміз бар. Осы ұсынысты келесі жылдың бюджетін қарау кезінде мәслихатқа енгіземіз», – деді Ерболат Досаев.
Қазақстан ТЖМ-ға қажетті тікұшақтарды Ресейден сатып алады
Қазақстан Ресейден жеті тікұшақты Т140 млрд сатып алады. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі kursiv.media-ның ресми сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды «Курсив».
Министрліктің мәліметінше, төтенше жағдай кезінде қызмет көрсететін тікұшақтарды сатып алуға бюджеттен Т140 млрд бөлінді. Сатып алу жоспарланып отырған тікұшақтар Ресей мемлекетінде шығарылады.
Сатып алынатын тікұшақтар оның ішінде К-32 тікұшағы Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында қызмет көрсетсе, МИ-8 тікұшағы Алматы, Семей, Өскемен қалаларында кезекшілікте тұратын болады.
Қажет болған жағдайда тікұшақтар басқа өңірлердегі ТЖ-ның алдын алу және жою жұмыстарына да жұмылдырылады.
«Қазақ тілінің мәртебесі өз деңгейінде емес». Судья сот процестерін тек қазақ тілінде өткізуді ұсынды
Астанада өтіп жатқан IX Қазақстан Республикасы судьяларының съезінде Ақтөбе қалалық сотының судьясы Илиада Досова елімізде заң қазақ тілінде әзірленіп, сот процесін өз тілімізде жүргізуді ұсынды, деп хабарлайды El.kz.
«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесінің жағдайы өз деңгейінде емес деп санаймын. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту - баршамыздың парызымыз.
Сондықтан заңдар қазақ тілінде әзірленсе, сот процестері өз тілімізде жүргізілсе, тілге деген талап күшейтілсе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Жаһандық мақсатымыз халықтың сот жүйесіне деген сенімін нығайту, міндеттіріміз айқын, шешу жолдар белгілі. Алда тұрған мақсаттарымызды тиімді жүзеге асыру - ортақ жұмыс», - деді ол.
«Астанада 37 үй заңсыз салынып жатыр»: Прокуратура халыққа үндеу жасады
Елордада заңсыз салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің 37 құрылыс нысаны анықталды, деп хабарлайды Тurkystan.kz.
Биыл осындай себеппен 51 құрылыс салушы компания 64 құрылыс объектісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
12 құрылыс компаниясына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Астана қаласының прокуратурасы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу келесі тәсілдердің бірімен ұйымдастырылатынын еске салады:
1) Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының (Қазақстан тұрғын үй компаниясы) кепілдігін алу;
2) екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысу;
3) ғимараттың қаңқасы салынғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту.
Азаматтардың қаражатын басқа тәсілдермен тартуға тыйым салынады (алдын ала брондау шарты, брондау, инвестициялау, талап ету құқығын басқаға беру).
Жаңадан салынып жатқан үйден пәтер сатып алмас бұрын, құрылыс салушының сенімділігін тексеріңіз.
Олардың сенімді-сенімсіз екенін салынып жатқан объектілерге кепілдік беру шарттарының тізілімінен («Кепілдік объектілері» қойындысы), сондай-ақ Қазақстан тұрғын үй компаниясы берген кепіл сертификаттары арқылы біле аласыз.
Фото көзі: pixabay.com