Су тасқынында 12 мың мал қырылды, «Әкімдерің вертолетпен жүре ме?» және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 30 мамыр. ҚазТАГ – Су тасқынында 12 мың мал қырылды, «Әкімдерің вертолетпен жүре ме?» және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.
«12 мың мал қырылды: су тасқыны салдарынан ет бағасы қымбаттай ма?»
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің мәлімдеуінше, еліміздегі су тасқыны ет пен мал бағасына әсер етпейді, деп хабарлады Halyq-uni.kz.
Оның айтуынша, табиғи апаттан қырылған мал саны еліміздегі жалпы малдың 1%-на да жетпейді.
«Жоқ, Қазақстанда 9 млн жуық ірі қара, 27 млн жуық қой, 4 млн жуық жылқы бар. Су тасқыны салдарынан қырылған 12 мың бас мал елдегі мал санының 1%-на да жетпейді. Сондықтан оның нарыққа еш әсері болмайды», - деді вице-министр.
«Әкімдерің вертолетпен жүре ме?»: Жеңіс Ысқақова Ақтөбе өңірінің жолдарын сынады
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жеңіс Ысқақова Ақтөбе қаласына ән сапарымен барып, жергілікті билік өкілдерін сынады, деп хабарлайды Stan.kz.
Өнер иесі қаланың жолдарын көрсетіп, жүру мүмкін емес екенін айтты.
«Құрметті, ақтөбелік достар! Қонақжайлылық пен сыйластықтарыңа рақмет! Көңілімді түсірген бір-ақ нәрсе, көшедегі жолдардың шұрық-тесігін көріп көңілім құлазып тұр. Әлемге әйгілі Ақтөбенің жолдары мұндай деп ешкім ойламаған?! Әкімдерің вертолетпен жүре ме?! Қалай ұялмайсыздар?! Қаланың ішіндегі жолдары осындай тесік болса, сырт жақтағы ауыл-аудандардың жағдайын айтпай-ақ қойған дұрыс шығар?! Ақтөбе қаласының әкімшілігі, екі күн бұрын Қызылордада болдым. Экологиялық жағдайы төмен облыстың көшелері тап-таза, жолдары тақтайдай тегіс. Сол жақтан барып, қаланы қалай әдемі етудің жолдарын үйреніп, шеберлік сағатына қатысып келіңіздер! Менің намысым келіп тұр», – деп күйінді әнші.
«Алматы көшелерінің атауы әртістердің есімдерімен аталатын болады»
Алматы мәслихатының кезектен тыс сессиясында депутаттар қаланың бірнеше көшесінің атауын өзгерту туралы ұсынысты бірауыздан қолдады, деп хабарлайды Baq.kz.
Юрий Гагарин даңғылының бір бөлігін Ермек Серкебаевтың атына өзгерту ұсынылса, Юбилейная көшесі Владимир Толоконников есімімен атау ұсынылды.
Ал, Түрксіб ауданындағы бесінші көшені Ескендір Хасанғалиевтің есімін, ел аузында «Кіші мира» деп аталып кеткен көшеге Юрий Померанцевтің есімін беру ұсынылды.
«Қостанай облысында ер адам тыйым салынған кәсіптен Т358 млн табыс тапқан»
Арнайы рұқсатсыз заңсыз крипто айырбастаумен үндескен кәсіпкерлік қызметін қаржылық мониторинг агенттігі тоқтатты, деп хабарлады turkystan.kz.
«Ол веб-сайт арқылы қамтамасыз етілмеген Bitcoin цифрлық активін ұлттық валютаға теңгемен сатып алу-сатуды жүзеге асырған. Осы арқылы Т358 млн сомасында, яғни аса ірі мөлшерде табыс тапқан», - делінген хабарламада.
Сот аталған азаматты кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарды және екі жыл мерзімге цифрлық активтердің, цифрлық майнингтің шығарылуы мен айналымына байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырды.

Фото көзі: pixabay.com


adimage