«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын тиімділігі жоғары сала деңгейіне жеткізу міндетін алға қойды. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды екенін атап өтті. Инновацияларды енгізуге және агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртуға ерекше назар аударылады. Бұл ретте аграрлық сектордағы тиімді мемлекеттік реттеу өте маңызды рөл атқарады. Ауыл шаруашылығының экономикалық маңыздылығы жоғары бола тұра, өкінішке қарай, жалпы ішкі өнімге қосатын үлесі аз екенін көріп отырмыз – орта есеппен 5%-ға жуық», - деді Смайылов сәрсенбі күні мәжіліс отырысында.
Оның айтуынша, негізгі себептері белгілі: өнімділіктің төмен болуы, суармалы жер көлемін ұлғайту қарқынының баяулығы, суды тиімсіз пайдалану, көлік-логистикалық инфрақұрылымның әлсіз дамуы, материалдық-техникалық жарақтандырудың жеткіліксіздігі және басқалар.
«Осы проблемаларды шешуде субсидиялаудың рөлі қандай? Мәжілістің тапсырмасына сәйкес Жоғары аудиторлық палата тиісті аудит жүргізді. Аудиторлық іс-шараның негізгі қорытындыларына тоқталып өтейін. Бес жыл ішінде субсидиялауға бюджеттен шамамен 2 трлн теңге бөлінді. Алайда бірқатар жүйелі проблема олардың әсерін шектеп отыр»,- деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Саланы дамытуда стратегиялық жоспарлаудың кемшіліктері мен сабақтастықтың болмауы үлкен мәселе туындатып отырғанын да алға тартты.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі соңғы 10 жылда бірнеше бағдарламалық құжат қабылдады. Олардың көбі соңына дейін жеткізілмеген. Іске асыру барысында мерзімінен бұрын күші жойылған. Басымдықтар үнемі өзгеріп отырады. Бұл саланы мемлекеттік қолдаудың тиімді жүйесін құруға кедергі келтіреді. Ал бұрмаланған ведомствалық статистикалық деректер нақты бағдарларды қалыптастыруға теріс ықпалын тигізді. Нәтижесінде жекелеген нысаналы индикаторлар тым жоғары деп танылып, соңынан төмендетілген», - деп қосты ЖАП басшысы.
Оның сөзінше, мұның өзі Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасының нысаналы индикаторларының 40%-дан астамының табысты іске асырылуын қамтамасыз ете алмаған.
«Субсидиялау жүйесінде де кемшіліктер бар. Субсидиялардың түрлері мен бағыттары үнемі өзгеріп отырады. Оларды ұсыну тетігі де іске асыру барысында өзгереді. 5 жылдың өзінде 70-тен астам өзгеріс енгізілді. Ережелер жекелеген жағдайларда кешіктіріліп қабылданған. 5 жылдан астам уақыт өтсе де, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұлғайтуды субсидиялау жөніндегі ережелер әлі де жоқ. Бұл осы бастамалар ұсынылған уақытта субсидиялау тәсілдерінің пысықталмауы себебінен орын алып отыр», - деді Смайылов.
Төрағаның айтуына қарағанда, мұндай жағдайда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жаңашылдықтарға бейімделуі қиын және мемлекеттік қолдау шараларына сенімсіздіктің туындауына әкеледі.
«Субсидиялау көлемі артып келеді, алайда оларды тиімді пайдалану мәселесі шешілген жоқ. Субсидиялаудың нақты басымдықтары белгіленбеген. Бұл субсидия қаражатын көптеген бағытқа шашуға ықпал етеді. 17 бағыт бойынша 67 субсидия түрі бар, ал олардың әсері шамалы. Сонымен қатар нақты нысаналы индикаторлар айқындалмаған. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бағыттардың көптігіне байланысты субсидиялардың бірқатары 2 есе аз қаржыландырылады. Көп жағдайда субсидия алуға берілген өтінімдердің орындалуы 2 жылға дейін созылады», - деді ол.
Жоғары аудиторлық палата басшысы субсидия алушыларға бағалау жүргізілмейтінін де қоса кетті.
«Мұның бәрі өз қызметін субсидия алғанға дейін немесе одан кейін тоқтатқан 2,5 мыңнан астам субъектіге 5 млрд теңге субсидия төленуіне әкеп соққан. 5,4 млрд теңгеге субсидия алғандардың 3 мыңға жуығы тіпті агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері емес. Мұндай жағдайларда субсидиялаудың тиімділігі туралы айтудың өзі де қиын»,- деді ол.
Сонымен қатар ол қарсы міндеттемелердің болмауы да үлкен мәселе деп отыр.
«Субсидия алушылардың көпшілігі мұндай қолдау шараларын түпкілікті нәтижеге көздемей, өздерінің шығындарын өтеу бойынша мемлекеттің міндеті ретінде бағалайды. Субсидияларды төлеу «әлеуметтік сипатқа» ие болып отыр. Мемлекет басшысы 2022 жылғы Қазақстан халқына жолдауында «Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек», – деп нақты атап өтті.
Оның айтуынша, қарсы міндеттемелердің қажеттілігі Агроөнеркәсіп кешенін дамыту тұжырымдамасында белгіленіп, 2022 жылдың соңынан бастап енгізілуі керек болатын. Іс жүзінде олар 17 субсидия бағытының төртеуіне ғана енгізілген.
«Қарсы міндеттемелер нақты, оңай бақыланатын көрсеткіштер болуы керек және субсидиялардың нәтижелілігін көрсетуі тиіс. Ең алдымен, олар өнімділіктің жоғарылауына, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етуі қажет. Бірақ қарсы міндеттемелерді айқындаудың қолданыстағы тәсілдері мұны қамтамасыз етпейді. Олардың орындалуын тексеру алгоритмі құрылмаған. Субсидиялардың 15 бағыты бойынша міндеттемелердің орындалу фактісін растайтын есептілік нысандары жоқ», - деді Cмайылов.
Ал субсидиялардың әсерін бағалаудағы формализм үшінші мәселе екені тілге тиек етілді.
«Жоспарлау кезеңінде бюджеттік субсидиялардың экономикалық әсерін айқындауға Ауыл шаруашылығы министрлігі 2022 жылы ғана кіріскен. Алайда барлық бағытты қамтымайды. Мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығындағы бюджеттік субсидиялардың экономикалық әсерінің көрсеткіші жай ғана өндіріс көлемінің өсуімен шектеледі. Бұл ауыл шаруашылығындағы сапалы өзгерістерді көрсетпейді», - деді Смайылов.
Әлихан Смайылов субсидиялау процесін автоматтандыру мәселесіне де тоқталды.
«Gosagro.kz» мемлекеттік субсидиялау ақпараттық жүйесі енгізілді. Дегенмен жүйені толығымен іске қосу жұмысы әлі де аяқталмаған. Жүйе тәжірибелік пайдалану режимінде 2 жыл жұмыс істеп тұр, ал ақпараттық қауіпсіздікке тексеруден өтпеген. Ол субсидиялардың негізді бөлінуіне бақылауды толық қамтамасыз етпейді», - деді ол.
Төрағаның болжамынша, анықталған бұзушылықтардың едәуір бөлігін алдын алуға болар еді.
«Ол үшін тиісті форматты-логикалық бақылау енгізіп, басқа да мемлекеттік дерекқорлармен интеграциялауды кеңейту қажет. Алайда субсидиялау шарттарына сәйкес келмейтін субъектілерге субсидиялардың төленгенін, екі қайтара және асыра субсидиялау фактілерін атап өтуге тура келедi. Жоғары аудиторлық палатаның ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік шараларға жүргізген талдауы тиімсіз мемлекеттік қолдауды «әлеуметтік» сипаттан өндірісті дамытуға арналған ынталандырушы шараларға қайта бағыттау қажеттігін көрсетіп отыр»,- деді Смайылов.
Смайылов мемлекеттің көмегін тек тұрақты қолдау ретінде пайдаланбай, көрсеткіштерді жақсартуға бағыттау керек екенін еске салды. Ол субсидиялаудың қарапайым және айқын алгоритмі қажеттігін тілге тиек етті.
«Саланың стратегиялық құжаттарын іске асыруға бөлінетін қаражаттың әсерін барынша арттыратындай етіп субсидиялар тізбесін қайта қарау қажет. Субсидиялар өнімділікті арттыруға және озық агротехнологияларды енгізуге ынталандыруы тиіс. Сала субъектілеріне кредит беру, сақтандыру мүмкіндіктерін және басқа да қолдау құралдарын кеңейту қажет екені анық. Мысалы, фермерде кепіл мүлкі болмаған немесе жеткіліксіз болған жағдайда мемлекеттік даму институттары тарапынан кепілдік беру маңызды», - деді ол.
Сонымен қатар ол «Gosagro.kz» ақпараттық жүйенің басқа мемлекеттік жүйелермен интеграциясын кеңейте отырып, өнеркәсіптік пайдалануға енгізуді жеделдету қажеттігін баса айтты.
«Жалпы аудит нәтижелері бойынша 142 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны, 2 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Экономикалық шығындар мен жіберіп алған пайда шамамен 5 млрд теңгені құрады. Бюджетке 2 млрд теңге өтелді және қалпына келтірілді. 4 факт бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі. 322 материал әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жіберілді», - деп қосты ол.
Фото көзі: parlam.kz