Шерзаттың үйін өртеген жерден құралдар табылды
Алматы облысының прокуроры Берік Адамов брифинг барысында Талғарда кісі қолынан қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың өліміне байланысты тергеу жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Сот процесінің ашықтығы жөніндегі мәселе бойынша прокуратураның сотқа өтініш енгізуі қарастырылады. Сондай-ақ марқұмның отбасы тұрған үйдегі өртті зерттеп жатырмыз. Өрт болған жерден маңызды дәлелдер жиналып, 600-ден астам адамнан жауап алынды. Оқиғаның қалай болғанын анықтау үшін бірнеше сараптама тағайындалды», - деді Адамов.
Оның айтуынша, Шерзаттың үйін сыртынан өртеген.
«Оқиға орнынан табылған канистр мен резіңке қолғаптарға зерттеу жүргізіліп жатыр», - деді прокурор.
Жетісу облысында заңсыз балық аулағандар ұсталды
Жетісу облысы полиция департаменті табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері Жетісу облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының «Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі жедел қызметімен» бірлесіп өткізген рейдтік іс-шаралар барысында, Ескелді ауданы Ащыбұлақ су қоймасынан заңсыз балық аулаған екі азамат ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Құзырлы орган өкілдері броконьерлерді сол жерден ұстап, олардан заттай дәлелдемелер ретінде: 25 балық, тор және үрлемелі қайық тәркілеген.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Елімізде жарты айда өрттен 17 адам қаза болды
Қазақстанда 1 қазаннан бері 17 адам өрттен көз жұмды, деп хабарлайды Orda.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызмет комитетінің мәліметінше, жыл сайын елімізде 10 мыңнан астам өрт шығады.
Қайғылы оқиғадан 300-ден астам адам қаза табады екен.
Жылыту маусымы басталғаннан бері 100-ден астам өрт тіркелген. 1 қазаннан бері 17 адам қаза тапқан, ал 13 азамат зардап шеккен.
«Жыл басынан бері сегіз мың өрт тіркеліп, 213 адам қаза болса, 213 адам жарақат алды. Өрттің өсуі Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы мен Маңғыстау облыстарында байқалады. Қаза тапқандардың көпшілігі – Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Атырау және Қостанай облыстарында», - дейді ТЖМ өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Қанат Доспаев.
АЭС құрылысы қалай қаржыландырылады?
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстанда атом электр станциясын салу үшін қолданылатын қаржыландыру схемасы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«АЭС құрылысы еліміздің ең ірі инвестициялық жобасы болмақ. Қазір жұмысқа кірісіп кеттік. Қаржыландыру схемасына келетін болсақ, біз жобаны табысты өтеу үшін мемлекет белгілі бір экономикалық жағдайлар жасау арқылы ғана қатысатын жобаны қаржыландырудың басым схемасын қарастырып жатқанымыз. Бұл коммерциялық жоба, ол өз жемісін беруі керек. Сондықтан бүкіл әлемде (АЭС – AR) салынып жатыр, ал инвесторлар оған ақша салуға дайын. Бұл қаржы институттарының тұтас консорциумының қатысуымен жобалық қаржыландыру болады деп үміттенеміз», - деді Нұрлан Байбазаров үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, әлемдегі бірде-бір қаржы институты мұндай соманы жалғыз өзі көтере алмайды.
«Барлығы жобаны бірлесіп қаржыландырады. Біздің міндетіміз – бұл жобаны тиісті тарифтер, тұтыну кепілдіктері арқылы және т.б. қамтамасыз ету. Құнына келетін болсақ, бұл, менің ойымша, барлық міндеттемелер мен құқықтар, оның ішінде жобаның қымбаттауы бөлігінде нақты жазылған келісімшарт болады. Егер қымбаттау болса, онда іс жүзінде біз мұның бәрін мердігер жағына өткізуге тырысамыз. Өйткені олар жобаны қарастырған кезде осы тәуекелдердің барлығын ескеруі керек. Сондықтан біз бұл тәуекелдерді барынша азайтамыз деп үміттенеміз», – деді ол.
Фото көзі: pixabay.com