Зәкиева Жітіқарадағы бес баланың өліміне қатысты мәлімдеме жасады
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Қостанай облысы Жітіқара қаласында өрттен қаза тапқан балалардың жақындарына психологиялық көмек көрсетілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Өрт сөндірушілер өртті таңғы сағат 06:08-де сөндірген. Тілсіз жау басталғанда үйде 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 жылы туған алты бала ата-анасының қарауынсыз отырған. Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың анасы кешке танысының үйіне кеткен, ал жұбайы жазасын өтеу мекемесінде. Өңірлік уәкіл оқиға орнында. Психологтар балалардың туыстарына қажетті психологиялық көмекті көрсетіп жатыр. Ата-ана мен жақындарына көңіл айтамын», - деп жазды Динара Зәкиева.
Бұл фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Өрттің алдын ала себебі – пешті қараусыз қалдыру.
Оқиға бас прокурордың бақылауында.
Еліміздің мектептерінде стоматология кабинеттері ашылуы мүмкін
Оқу ағарту министрлігі денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп бірқатар жобалар жүзеге асыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Turkistan.
«Оқушы саны 1000 баладан асатын мектептерде стоматологиялық кабинет ашу мәселесі талқыланды. Бүгінде 6 өңірде 98 кабинет жұмыс істеп тұр. Онда дантистер қабылдау жүргізеді. Әрі қарай «Сау тіспен болашаққа» жобасының аясында кезең-кезеңмен мектеп жасындағы барлық баланы қамту жоспарланып отыр», - делінген хабарламада.
Баян Алагөзова жақында туған екі қызы туралы бар шындықты айтты
Танымал продюсер Баян Алагөзова қызы Айсәуле Бақытбекке берген сұхбатында жақында дүниеге келген екі қызы Алиса мен Алманың дүниеге келуінің егжей-тегжейін айтып берді, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оның айтуынша, сәбилер суррогат ананың көмегімен дүниеге келген. Бұл олардың күйеуімен бірге қабылдаған ортақ шешімі болған. Дегенмен дәрігерлер оған өз бетімен бала көтеруге мүмкіндік бар екенін айтқан.
«Біріншіден, бұл жасқа байланысты. Ол кезде 45 жаста болдым. ...Дәрігерлер маған өзімнің де көтере алатынымды айтты. «Бәлкім, тағы бір жыл дайындалып көресіздер» деді. Бірақ мен «жоқ» деп жауап бердім. Табиғи жолмен мен дайын болмадым», – дейді ол.
«Енді жүргізуші куәлігін алу үшін екі түрлі аутентификациядан өту қажет»
«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы жүргізуші куәлігіне теориялық емтихан тапсыру жүйесіне өзгерістер енгізуде. Енді жүргізуші куәлігіне үміткерлер екі факторлы аутентификациядан өтеді, деп хабарлайды «Курсив».
Екі факторлы аутентификация – қолданушының екі түрлі әдіспен өзін-өзі растау керек.
Жүргізуші куәлігіне үміткерлерге 1414 нөмірінен хабарлама келіп, жеке деректерді алуға рұқсат бергеннен кейін, биометриялық сәйкестендіруден өту керек.
«Екі факторлы аутентификацияны енгізу емтихандағы бұзушылықтардың санын азайтуға көмектеседі деп сенемін. Сәйкесінше қызмет алушының деректері де сенімді қорғалады», – дейді мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Айта кетейік, жаңа бастама әзірге 11 қазаннан бастап Астана қаласында енгізіледі. Өзге өңірлерге өзгерістерді жыл соңына дейін енгізу жоспарланған.
Фото көзі: Ашық дереккөз