Ольга Рыпакова Даниал Ахметовтің орнына жеңіл атлетика федерациясының президенті болып тағайындалды

Астана. 11 желтоқсан. ҚазТАГ- Ольга Рыпакова Даниал Ахметовтің орнына жеңіл атлетика федерациясының президенті болып тағайындалды, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.

«Отырыста Даниал Ахметов өз қызметін мерзімінен бұрын тоқтататынын мәлімдеп, федерация президенттігіне даңқты жеңіл атлет, Рио Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакованың кандидатурасын ұсынды. Жиынға қатысушылар, соның ішінде облыс федерацияларының басшылығы мен спорт қауымдастығы Ольга Рыпакованың кандидатурасын бірауыздан қолдады»,- деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Таратылған ақпаратқа сүйенсек, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың қатысуымен Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының 2024 жылды қорытындылау жиыны өтті. Іс-шараға жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Ахметов, облыстық федерацияның басшылары, спортшылар мен федерация өкілдері қатысты.

«Бүгінгі жиында федерацияның жұмысына қатысты маңызды өзгерістер болып жатыр. Федерацияны бірнеше жыл басқарған Даниал Ахметов қызметінен кетіп жатыр. Оған атқарған жұмысы үшін алғыс білдіремін. Даниал Кенжетайұлының басшылығымен біздің атлеттер халықаралық жарыстарда үлкен жетістіктерге жетті. Енді федерация президенттігіне Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова келіп отыр. Ольга Сергеевнаның отандық жеңіл атлетиканың дамуына қосқан үлесі мол. Алдағы уақытта да еліміздің жеңіл атлетика спортын биіктерге көтереді деп сенеміз», – деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.

Жиын соңында министр Ольга Рыпаковаға еліміздегі жеңіл атлетика спортының халықаралық деңгейдегі ынтымақтастығын арттыру, спортшылардың дайындығына және резервті даярлауға ерекше көңіл бөлу қажеттігін тапсырды.

adimage