«Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады»,- делінген жұма күнгі хабарламада.
Желтоқсан айында Қазақстанда инфляция 8,6%-ға дейін үдеп, 2024 жылға болжанған 8-9% диапазон шегінде қалыптасты.
«Қызметтер бағасының жоғары өсуі және тамыздан бастап байқалып отырған азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясының жеделдеуі оның динамикасына көптеп үлес қосты. "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасын іске асыру мен теңгенің әлсіреуі аясында инфляция күш алып тұр. Сонымен қатар инфляцияның орнықты бөлігінде өсім сақталып отыр. Ол фискалдық ынталандыру жалғасқандықтан сұраныс тарапынан қысым барын көрсетеді. Желтоқсан айында халықтың инфляциялық күтулері, жоғары құбылмалылықты көрсетіп, қайта өсті", – деп хабарлады Ұлттық банк.
Әлемдік азық-түлік бағасының жоғары болуына және Ресейде инфляцияның қарқын алуына байланысты сыртқы инфляциялық қысым жоғары болып тұр.
«Дамыған экономикаларда инфляция кейінгі айларда ұзаққа жалғасқан төмендеу кезеңінен кейін біршама өсті. Орнықты инфляция және күшті еңбек нарығы ұзақ уақыт бойы қатаң сыртқы монетарлық талаптардың сақталуына әсер етуі ықтимал. Мәселен, АҚШ ФРЖ қыркүйек айындағы бағалаумен салыстырғанда мөлшерлемелер баяу төмендейді деп күтеді»,- деп мәлімдеді реттеуші.
Ішкі сұраныс ұсыныс мүмкіндіктерінен асып түседі және белсенді фискалдық ынталандыруға, ақшалай кірістердің өсуіне, сонымен қатар шикізатқа жатпайтын сектордағы инвестициялардың кеңеюіне байланысты орнықты түрде жоғары қалып тұр.
«Оны бөлшек сауда мен тұтынушылық кредиттеудің өскені растайды. Ұлттық банк бақылап отырған іскерлік белсенділік индикаторы 11 ай қатарынан оң көрсеткіш көрсетті»,- делінген хабарламада.
Проинфляциялық тәуекелдер сақталып отыр.
«Сыртқы ортадан – олар Ресейдегі инфляцияның жоғарылауына байланысты, ал ішкі ортадан – реттелетін бағалар саласындағы реформаның жалғасуына, әлсіреген теңгенің бағаларға әсер етуіне, фискалдық ынталандыру, тұрақсыз инфляциялық күтулер және тұтынушылық кредиттеудің өсуі кезіндегі жоғары ішкі сұранысқа байланысты. Айырбастау бағамының әлсіреуі, инфляциялық күтулердің жеделдеуі, сондай-ақ инфляцияның нақты динамикасының өсуі аясында жиынтық ақша-кредит шарттары біршама жеңілдеді. Осыған байланысты негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы жаңартылатын келесі шешімде Комитет инфляцияны 5 пайыздық таргетке қарай орнықты түрде төмендеу траекториясына қайтару үшін ақша-кредит саясатын қосымша қатаңдату қажеттілігін анықтайды",- делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2025 жылғы 7 наурызда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.
Фото көзі: Пресс-служба НБ РК.