«Дрон шығарады»: Қытай Қазақстанда тағы бір зауыт салмақ
Қытай Қазақстанда $12 млн-ға өнеркәсіптік дрондар шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Зауыт салуды Yesil Technology Company, қытайлық Shaanxi Kaizhuo Electronic Technology Co., Ltd. компаниясының еншілес ұйымы жүзеге асырады, деп хабарлайды Orda.kz.
Orda-ның мәліметінше, бұл жоба 500 жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Жасалған дрондар Қазақстан мен Орталық Азия нарықтарына шығады.
Мүгедек балалардың еміне бөлінген Т85 млн-ды ұрлағандар сотталды
Түркістан облысы Мақтаарал ауданында мүмкіндіктері шектеулі балалардың еміне бөлінген Т85 млн-ды ұрлаған оңалту орталығының директоры мен бухгалтері кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Sкifnews.kz.
Sкifnews -тың мәліметінше, олар 2018 жылдан бері мекеме қаржысын жеке басына пайдаланып, заңсыз баюды көздеген. 2024 жылға дейін қылмыскерлер ай сайын бухгалтерлік бағдарламаға жалған мәлімет енгізіп, мүгедектердің қажетіне жұмсалуы тиіс ақшаны жеке шоттарына аударып отырған.
«Бүгінде сот үкімімен оңалту орталығының басшысы сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Бухгалтер қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде жеті жыл жазасын өтейді», – деп мәлімдеді Түркістан облыстық тергеу департаменттің аға жедел өкілі Гүлзия Қарсыбай.
«Енді Қызылорда мен Арал арасындағы тасжол ақылы болады»
Қызылорда мен Арал арасындағы ұзындығы 455 шақырым болатын E38 тасжолы 26 қаңтардан бастап ақылы болады, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жол тек автобус пен жүк көліктері үшін ақылы болады. Жеңіл автомобиль үшін трасса әзірге тегін.
Жол ақысының мөлшері: - 16 орынға дейінгі автобус және 2.5 тоннаға дейін жүк көтеретін көлік үшін кейінгі төлем бойынша – 0.8478 АЕК (Т3334) немесе алдын ала төлем бойынша – 0.7205 АЕК (Т2833);
- 32 орынға дейінгі автобус және 5.5 тоннаға дейін жүк көтеретін көлік үшін кейінгі төлем бойынша – 1.7145 АЕК (Т6741) немесе алдын ала төлем бойынша – 1.4572 АЕК (Т5730);
- орын саны 32-ден асатын автобус және 10 тоннаға дейін жүк көтеретін көлік үшін кейінгі төлем бойынша – 2.5623 АЕК (Т10 075) немесе алдын ала төлем бойынша – 2.1777 АЕК (Т8563);
- 10-15 тоннаға дейін жүк көтеретін көлік үшін кейінгі төлем бойынша – 3.4290 АЕК (Т13 483) немесе алдын ала төлем бойынша – 2.9144 АЕК (Т11 459);
- тіркемесі бар ершікті тартқышты қоса алғанда, 15 тоннадан көп жүк көтеретін көлік үшін кейінгі төлем бойынша – 4.2768 АЕК (Т16 816) немесе алдын ала төлем бойынша – 3.6349 АЕК (Т14 292).
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы президентке есеп берді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали мемлекет басшысының қабылдауында былтыр мемлекетке сомасы Т486,5 млрд болатын мүліктік активтер мен қаражат қайтарылғанын жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz.
Асхат Жұмағалидің мәлімдеуінше, былтыр 1641 жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркеліп, жүйелі түрде жемқорлық жасаудың 68 фактісі анықталған.
«Екі ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленіп, сонымен қатар екі топқа үкім шығарылған. Сыбайлас жемқорлыққа жол берген 1493 адам ұсталған. Олардың ішінде түрлі деңгейдегі 229 басшы бар. 914 адам сотталған. Агенттік 2022 жылдан бері мемлекетке жалпы сомасы Т1,12 трлн-ға бағаланған мүліктік активтер мен қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз еткен. Былтыр сомасы Т486,5 млрд болатын мүліктік активтер мен қаражат қайтарылған», – делінген хабарламада.
Фото көзі: Ашық дереккөз