«Биыл сегіз өңірді су басу қаупі төніп тұр – министр»
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев көктемгі кезеңге арналған ауа райы болжамының жаңартылған деректерін ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, наурыз, сәуір айлары әдеттегіден жылы болады деп күтілуде, әрі еліміздің басым бөлігі жауын-шашынды болады. Бұл көктемнің тез келуіне және су тасқыны қаупінің артуына ықпал етеді.
Су тасқыны қаупі жоғары өңірлердің қатарында: Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Ұлытау мен Абай облыстары бар.
«Биыл Қазгидромет алғаш рет әр облыс бойынша егжей-тегжейлі анықтамалар дайындады. Бұл анықтамаларда гидрологиялық бекеттер бойынша су деңгейінің және ағысының күтілетін ең жоғары мәндері, ағын көлемі және сондай-ақ қауіп аймағында орналасқан елді мекендерді көрсете отырып, болжамды басталу күндері көрсетіледі. Сондай-ақ өткен аптадан бастап Қазгидромет апта сайынғы гидрологиялық болжамдарды шығара бастады. Гидрометеорологиялық жағдай күрт өзгеретін болса «Қазгидромет» ескертулерді 2-3 тәулік бұрын хабарлайды», — деді Ерлан Нысанбаев үкімет отырысында.
Берік Уәли президентке Т2,2 трлн-дық жоспары туралы баяндады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы хатшысы, қазіргі Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдаған, деп хабарлайды «Курсив».
Уәли президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есеп беріп, алдағы кезеңге арналған даму жоспарын таныстырған.
Облыс әкімінің мәлімдеуінше, жергілікті бюджеттің шығыс және кіріс бөлігіне жан-жақты талдау жүргізгеннің нәтижесінде қаржыландырудың басым бағыттары анықталып, 24 инвестициялық жобаның тізімі жасақталған. 2028 жылға дейін жүзеге асырылатын бұл жобалардың жалпы құны Т2,2 трлн. Егер алдағы үш жылда бұл жобалар жүзеге асса, сегіз мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп болжанады.
«Үкімет уақыт белдеуінің әсерін анықтауға арналған үш жылдық зерттеуді жүргізбейтін болды»
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек уақыт белдеуінің денсаулыққа әсерін анықтауға арналған үш жылдық зерттеу жүргізілмейтінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
Министрдің айтуынша, зерттеуге қатысты сын көбейген.
«Былтыр сын болды. Т161 млн-ға өтініш жіберілген, бірақ нәтижесінде Т60 млн шықты. Біз байқау өткізбеу туралы шешім қабылдадық, ақша жұмсалған жоқ. Алты бағыт бойынша мониторинг ғылым институттарының, министрлік және әкімдік сарапшыларының есебіне жүргізілді. Мониторинг уақыт белдеуінің ауысуы әсер етпегенін көрсетті», – дейді министр.
«Болашақтың» неше түлегі борышын өтемей жүр
Үкіметте өткен брифингте ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек борышын өтемей жүрген «Болашақтың» түлектері туралы сауалға жауап берді, деп хабарлайды Baq.kz.
«Өкінішке қарай борышын өтемей жүрген түлектеріміз бар. Былтыр ауқымды аудит жүргізілді. Қазір «Болашақ» бағдарламасының ақпараттық жүйесі мен шекара қызметінің базасы ұштастырылды. Енді кім қайда шықты, бүкіл ақпаратты дер кезінде біліп отырамыз. Борышын өтемей жүрген 200-300 аралығында адам айқындалды. Ондай түлектер бірден стипендиядан айырылады. Түлектер соттың шешімімен немесе екі жақты келісім арқылы ақшаны бюджетке қайтарады. Ол жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп жатыр», - деп түсіндірді министр.
Фото көзі: pixabay.com