«Халықаралық тәжірибеге сәйкес баға белгілеу заңмен реттелмейді. Баға белгілеудің нарықтық тетігі (сұраныс, ұсыныс) қолданылады. Авиакомпаниялар шығыстарының шамамен 80%-ы шетел валютасында – ӘК сатып алу немесе лизинг, қосалқы бөлшектерді сатып алу және тағы басқа жүргізіледі. Бұл ретте, авиакомпания табысының 80%-ға жуығы теңгемен алынады. Осыған байланысты, өз шығындарын жабу үшін авиакомпаниялар валюта бағамының қысымына байланысты билеттердің құнын түзетуге мәжбүр», - деп хабарлады Олжас Бектенов.
Премьердің айтуынша, соңғы 5 жылда валюта бағамы Т327/$1 (2018 ж.) Т478/$1 дейін өзгерді (2024 ж. тамыз). Осыған қарамастан, қазақстандық авиакомпаниялардың авиабилеттерінің құны долларлық баламада өзгермеген. Ішкі маршруттар бойынша авиабилеттердің бағасы қазіргі уақытта 2021 жылғы қараша деңгейінде қалып отыр.
Ол сонымен қатар жалпы, авиабилеттердің бағасы мемлекеттік реттеуге жатпайтынын атап өтті. Егер авиакомпания бағаны негізсіз көтерсе, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі монополияға қарсы ден қою шараларын қолданатынын ескерді.
«Бүгінде жолаушылар ағыны көрсеткішінің артуына байланысты әуе кемелерінің паркін кеңейту, тасымалдау сыйымдылығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылдың соңына қарай әуе кемелерінің паркі 19 жаңа бірлікпен ұлғайтылып, 120 бортты құрайды деп күтілуде, бұл тасымалдау сыйымдылығын 20%-ға арттырады. Бұл әуе қатынасын кеңейтуге ғана емес, сонымен қатар тасымалдау сыйымдылығын арттыруға, осылайша әуе билеттерінің құнын төмендетуге мүмкіндік береді», - деді үкімет басшысы.
Бектенов сондай-ақ, министрлік азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйыммен бірлесіп авиакомпанияларға тексеру жүргізетінін, оның қорытындысы бойынша заң бұзушылықтар анықталған жағдайда авиакомпаниялардың қызметін тоқтата тұруға дейін ықпал ету шаралары қолданылатынын мәлімдеді.
Айта кетсек, мәжіліс депутаттары жолаушылардың әуетасымалы құнының мәселесі туралы үкіметке жолдаған сауалында ұшақтың бағасы күн санап қымбаттап баратынын айтқан болатын.
«Билет құнын әуежайдың алымдары мен жанармай шығыны 80% құраса, қалған 20% әуежай компаниясының табысы. Ал енді ұшу уақыты таянғанда «Қазақ эйр» компаниясының Т21000 маңайында сатылатын билеттерді Т60000 дейін шарықтатып жіберетіні қалай? Жанармай мен әуежай қызметі бағасы өзгермесе, өзінің табысын билеттің құнынан үш есе өсіріп, қысылтаяңды пайдаланып ашкөздікпен пайда тапқаны ма? Оқыстан өлім-жітімге, шұғыл шаруасы шыққан жандардың үстінен пұл айырып, қалтасын қағу, адамгершілікке сай ма?!» - деді мәжілісмендер.
Фото көзі: pixabay.com