Көшпенділер ойындарына келген шетелдік қонақтар Қазақстан туралы ойларымен бөлісті, Сайыров бюджет жобасын сынап тастады және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 13 қыркүйек. ҚазТАГ – Көшпенділер ойындарына келген шетелдік қонақтар Қазақстан туралы ойларымен бөлісті, Сайыров бюджет жобасын сынап тастады және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Алматыда сержанттың мәйіті табылды

Әлеуметтік желіде Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институтынан сержанттың денесі табылғаны туралы ақпарат тарады. Ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты растады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Марқұмның жасы 44-те болған. Ресми орган оның қайда, қалай болғаны туралы мән-жай әлі анықталып жатқанынын мәлімдеді.

«Аталған факті бойынша оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексі бойынша өзге ақпарат жария етілмейді», - делінген ішкі істер министрлігінің хабарламасында.

«Болашақ ұрпағымызды қарызға белшесінен батырамыз»: Ерлан Сайыров бюджет жобасын сынады

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров 2025-2027 жылға арналған республикалық бюджет жобасын сынады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың сөзінше, бюджет қаржысын оңды-солды басқару болашақта үлкен мәселеге әкеп соғады.

«Президент Тоқаев жолдауда қаржы саласында көрпеге қарай көсілу керегін айтты. Бюджетке назар салсақ, болашақ ұрпағымыз қарызға белшесінен бататын көрінеді», - дейді ол.

Сондай-ақ мәжілісмен бірнеше мысал келтірді.

«Салықтар – Т15 трлн, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт – Т2 трлн, Ұлттық қордан нысаналық трансферт – Т3,2 трлн, бюджеттің тапшылығы – Т4,8 трлн. Осы Т4,8 трлн сіздер қарызға алғалы отырсыздар. Т25,7 трлн 10%-ы, яғни, Т2,5 трлн қарызды сіздер қазірдің өзінде төлеп отырсыздар. Сонда бюджеттің 15%-ы тек қана қарыз өтеумен кетеді деген сөз», – дейді Сайыров.

Елімізге алғаш рет келген туристер әсерлерімен бөлісті

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына келген шетелдік қонақтар Қазақстан туралы ойларымен бөлісті, деп хабарлайды Baq.kz.

Англияның Манчестер қаласынан келген ерлі-зайыпты Джоанна Уордроп пен Том Уордроп Қазақстанға бірінші рет саяхаттап отыр. Оларға қазақтың ұлттық тағамы мен киімдері қатты ұнаған.

«Қазақстан өте керемет, адамдары қонақжай. Көшпенділер ойыны керемет деңгейде өтіп жатыр», - деді Том Уордроп.

Ал Жаңа Зеландиялық қонақ Келли Липер Көшпенділер ойынына отбасымен бірге келген. Бірінші кезекте, оларға Қазақстанның адамдары ұнаған.

«Қазақ тілі әдемі екен, бірақ әлі көп нәрсе түсінбеймін. «Рахмет» және «жоқ» деген сөздерді үйреніп алдым. Әрине, Қазақстанға қайтып келгім келеді. Келесі келгенде Алматының табиғаты мен Батыстың теңізін көргім келеді», - деді Келли Липер.

Мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы америкалық Марк Джанке бауырлас екі елдің де тілінде сөйлей алатын болып шықты.

«Біз Қазақстанға АҚШ-тан келдік. Өзім Қырғызстанда 2 жыл жұмыс істедім, сол себепті қырғызша да, қазақша да сөйлей аламын. Келуіміздегі мақсат - көшпенділер ойынын тамашалау. Екіншіден, таныс досым осы жаққа үйлену тойына келді. Досыммен бірге менде келдім», - дейді ол.

Алмат Сақатов Мақпал Жүнісоваға араша түсіп, халықтан сөз естіді
Танымал актер Алмат Сақатов видеосымен қоғамды шулатқан Мақпал Жүнісованы қолдады, деп хабарлайды Stan.kz.

«Мақпал Жүнісова туралы не айтасыз дейді. Не айта аламын?! Ол кісінің көтерген жүгін сен көтере алмайсың?! Ол кісінің көргенін сен көрген жоқсың. Қазақтың ерке қызы, еркелеп әңгіме айтқан шығар?! Біз сөгетіндей, оны талқылайтындай кімбіз?! Ертең дүниеден өтіп кетсе, мақтайсыңдар. Сондықтан да қандай адам болса да, өнерде үлкен орны бар. Қазақ деген кезде ішкен асын жерге қоятын мықты қазақтың қызы. Өте мықты адам», – деді актер.

Желі қолданушылары «Мақпал өлең айтқаннан басқа, не істепті?!», «Мас әйелді мақтама», «Әншілердің бәрі – ерке. Төреғали – Ұлы дала баласы, Мақпал – ерке қыз», «Оныкі – асқандық», деп түрлі пікір білдіріп, халық әртісінің масаң күйде ел алдына шыққанын талқылап жатыр.

Фото көзі: parlam.kz


adimage