Елімізде көктемгі су тасқыны қайталануы мүмкін, Шерзат Полаттың өліміне қатысты тергеу әлі аяқталмаған және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 10 қаңтар. ҚазТАГ – Елімізде көктемгі су тасқыны қайталануы мүмкін, Шерзат Полаттың өліміне қатысты тергеу әлі аяқталмаған және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Мемлекет басшысы Мағауиннің жақындарына көңіл айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Мұхтар Мұқанұлы ғибратты ғұмырын киелі сөз өнеріне арнаған, ұлттық әдебиетіміз бен тарихымыздың көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан заңғар тұлға еді. Төл руханиятымыздың төрге озуына, ұлт тарихнамасының тасқа басылуына өзінің алға қойған асыл мұратымен, қайтпас қажыр-қайратымен қалтқысыз еңбек сіңірді. Халық жазушысының қуатты қаламынан туған шығармалары, тарихи еңбектері, естелік-эсселері қалың оқырманның жүрегінен өз орнын тапты. Соңына бай әдеби мұра қалдырып, өнегелі өмір сүрген Мұхтар Мұқанұлының қайталанбас есімі халқымыздың жадында сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – делінген жеделхатта.

Айта кетейік, 85 жастағы Қазақстан Халық жазушысы Мұхтар Мағауин Астана уақытымен 10 қаңтар сағат таңғы 5:55 шамасында АҚШ-тың Мерилэнд штатында дүниеден өтті. Бұл туралы жазушының ұлы Едіге Мағауин хабарлады.

«Қызылордада мұнай өнімдерін ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды»

Қызылорда облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы прокуратураның үйлестіруімен қаладағы кәсіпорыннан мұнай өнімдерін ұрлаумен айналысқан топты ұстады, деп хабарлайды Nege.kz.

Ақпаратқа сәйкес, қылмыстық схемаға өндіріс нысанының қызметкерлері мен күзетшілері тартылған. 20-дан астам тінту шаралары жүргізілді. 25 тоннадан астам ұрланған мұнай өнімдері тәркіленді. Күдіктілердің әрекетінен кәсіпорынға келтірілген алдын ала шығын Т200 млн-нан асады.

«Полицияға 12 адам жеткізілді, оның тоғызы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы мұнай өнімдерін ұрлау және тиісті құжаттарсыз тасымалдау фактілері бойынша тергеу жүргізуде», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Елімізде көктемгі су тасқыны қайталануы мүмкін бе — ТЖМ болжамын айтты

ТЖМ төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы
 Магомет Ахриевтің мәлімдеуінше, елде көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Биылғы жылы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға 40 мың құтқарушы қатыспақшы, деп хабарлайды «Курсив».

«Болжам бойынша, қыс қарлы болады деген ақпарат бар. Қалай болғанда да, біз ең қиын сценарийге дайындалып жатырмыз. Оқу-жаттығуларда да, жағдайдың ең ауыр сценарий бойынша қалай өрбитінін жан-жақты қарастырамыз. Соған сәйкес әрекет етеміз», – деді ол.

«Шерзат Полаттың өліміне қатысты тергеу әлі аяқталмаған»

Былтыр ішкі істер министрлігі Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу жыл соңына дейін аяқталатынын хабарлаған болатын. Алайда ІІМ бұл іс бойынша тергеу жұмыстары қазіргі уақытта да жалғасып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz.

«Алматы облысының полиция департаментінде Талғарда кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Одан бөлек ұрлық, бұзақылық, қорқыту және қылмыс туралы хабарламау фактісі бойынша қосымша сегіз қылмыстық іс тіркелді. Істің 11 қатысушысына қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданады», - делінген министрліктің жауабында.

Фото көзі: bestnews.kz


adimage