«Заңсыз құрылыс, жерді өз бетінше басып алу: Баянауыл ұлттық паркінде заңбұзушылықтар анықталды»
Прокурорлық тексеріс барысында Баянауыл ұлттық паркінде жерді өз бетінше басып алу, заңсыз құрылыс салу және конкурссыз учаскелер беру фактілері анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Қазір қадағалау актісі бойынша жерді босату және өз бетінше салынған ғимараттарды бұзу бойынша шаралар қабылданып жатыр. Ауданы 1,9 гектар болатын 4 объектіні бұзу арқылы 4 учаске босатылды», – делінген прокуратура хабарламасында.
Теңге құлдырап барады, елде девальвация болуы мүмкін бе – вице-министрдің жауабы
Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов теңгенің құлдырауына байланысты елде девальвацияның болу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz.
«Мен өзім ұлттық валютаның «жанкүйерімін», ал кейінгі жылдары байқалған динамика да мұны дәлелдейді. Валютаға түрлі факторлар әсер етеді. Өзге валюталар секілді теңге экспорт пен импортқа байланысты болып қала береді. Алайда теңгедегі депозиттің табысы инфляцияны қоса есептегенде шетелдік валютадағы депозиттікінен көп», – дейді ол.
Оның айтуынша, инфляция мен баға өсімі бақылауда. Сондықтан ұлттық валюта девальвация болмайды.
«Бізде девальвация бұрыннан болмаған, себебі ол болуы үшін нақты себептер керек. Қазір мұндай факторлар жоқ. Біздің экспорт деңгейін білесіздер, биыл экспорт былтырғыдан жоғары. Импорт деңгейі төмендеді, сауда балансының деңгейі де жақсы. Сондықтан девальвация болады деуге негіз жоқ», – деді вице-министр.
«Өтінішім бар». Марқұм Шерзаттың әкесі мәлімдеме жасады
Талғарда бір топ адам пышақтап өлтірген Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Baq.kz.
«Құрметті қазақ елі! Сіздердің алдарыңызда басымды иемін. Көп-көп рахмет сіздерге. Мені қолдап, балам үшін қол ұшын беріп жатырсыздар. Мен Қонаев қаласының Ішкі істер департаментінен келдім. Ол жерде іс оң жағынан қаралып жатыр. Бізге адвокаттар келіп көмектесіп жатыр. Марқұм болған Салтанаттың ағасының (Айтбек Амангелді) да көмегі бар, ол кісіге де алғысымды айтамын», - деді марқұмның әкесі.
Ол халыққа митингіге шықпаңыздар деп өтінішін айтып, заң аясында әділ шешім шығатынына сенім артатынын айтты.
«Ешқандай митингіге шықпаңыздар, қантөгіс болмаса екен. Бір шоғырланған адамдар келіп, сол сәтті дұшпандарым пайдалануы мүмкін. Көтеріліс жасап, мені аяқтан шалып, бауырыма қастандық жасай ма деймін. Сол себепті, халқым, өтініп сұраймын: еш көтеріліс керек емес! Өз қағидам – заң аясында дұрыс, әрі әділ шешім сұраймын. Артық ештеңе сұрамаймын. Шыны керек, қандай да бір ақпараттар болып жатса, өзім ғана бөлісемін. Видеожазба, аудиожазба, фотоларға сенбеңіздер», - дейді Қаржаубай Нұрымов.
22 мыңнан астам жеткіншекке папиллома вирусына қарсы екпе салынды
Қыркүйек айының ортасынан бастап Қазақстанда жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы болып саналатын адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы қыздарды жалпыұлттық вакцинациялау басталды, деп хабарлайды El.kz.
Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 17 қыркүйектегі қаулысына сәйкес жоспарлы түрде 11 жастағы қыздар вакцинамен қамтылады.
Сондай-ақ 12 жастан 13 жасқа дейінгі қыздарға арналған иммундау жүргізіледі. Бұл маңызды іс-шара елде қауіпті инфекцияның таралуын төмендетуге және онкологиялық аурулардың пайда болу қаупін азайтуға бағытталған.
«Қазіргі кезде АПВ вакцинасы әлемнің 135 елінде қолданылады. Бірқатар елдерде вакцинациялаудың арқасында әйелдердің арасында АПВ-ның таралуы 90%-ға төмендеді. Бүгінгі күні республика бойынша АПВ-ға қарсы вакцинациялаудың күнделікті мониторингінің нәтижелері бойынша 22,2 мың бала, оның ішінде 11 жаста – 14 мың бала, 12-13 жаста - 8,2 мың бала егілді», - делінген министрліктің хабарламасында.
Фото көзі: ©Мадина Алимханова