«2024 жылғы 27 қараша мен 11 желтоқсан аралығында DEMOSCOPE қоғамдық пікірдің эспресс-мониториң бюросы халық арасында «2024 жылы Қазақстанда болған ең айтулы оқиғалар» деген тақырыпта сауалнама жүргізген. Бұл жобаны MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен және PAPERLAB зерттеу орталығымен бірлесіп жүргізіп отыр. DEMOSCOPE бюросының дәстүрлі қорытынды сауалнамасы өтіп бара жатқан жылдық ең айтулы оқиғаларына арналды. Зерттеудің негізгі тақырыптары: азаматтардың бірыңғай уақыт белдеуіне көшуін қабылдауы және әлеуметтік маңызы бар өмір салаларын бағалау болды. 2024 жылғы 1 наурыздан бастап Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Алайда бұл шешімге қатысты пікірталас әлі күнге дейін толастаған жоқ. DEMOSCOPE сауалнамасының мәліметі бойынша, азаматтардың басым бөлігі (53,1%) бұл шешімді қолдамайды. Респонденттердің 22,1%-і оны құптаса, 15,5%-і бұл мәселеге бейтарап қарайды, ал 7,4%-і мүлдем бейхабар»,- делінген жұма күнгі хабарламада.
Азаматтардың бұл реформа туралы ойын анықтайтын негізгі индикатор – респонденттердің тұратын өңірі.
«Қазақстанның барлық дерлік облысында бұл шешімді қолдамайтын азаматтардың үлесі басым екені байқалады. Әсіресе, уақыт бір сағат артқа жылжыған өңірлерде наразылық айқын көрінеді.
Шығыс және орталық өңірлердің тұрғындарының басым бөлігі (74,6%) – Абай, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау облыстары – бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы екенін білдірді. Алматы (68,4%) және Астана (55,7%) тұрғындарының көбі де бұл бастаманы құптамайды. Оңтүстік өңір – Шымкент, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облысының 47,8% тұрғындары бұл бастамаға қарсы. Солтүстік өңір – Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облысында қарсы болғандардың үлесі – 45,3%»,- деді сауалнама авторлары.
Бірыңғай уақытқа көшуді қолдағандардың үлесі аздап басым болған жалғыз өңір –Қазақстанның батыс аймағы (Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары): 31,8%-і бірыңғай уақытқа көшуді құп көрсе, 30,6%-і оған қарсы.
Фото көзі: ChatGPT