Ақтөбеде балабақшада балаларға құрттаған тамақ берген
Ақтөбе облысындағы балабақшалардың бірінде бүлдіршіндерге құрттаған тамақ берілген. Құрт шыққан тамақтың бейнежазбасын ашынған ата-аналар әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталған жағдайға бойынша Ақтөбе облысының білім басқармасының мәліметінше, балабақша меңгерушісі және тағы екі қызметкер жұмыстан босатылған.
«13 қаңтарда Қандыағаш қаласының «Самал» балабақшасында жағымсыз оқиға болды. Таңғы асқа әдеттегідей, арпа ботқасы дайындалды. Жұмысшылар сынама алып, бірақ ештеңе таппады. Табақтарға салынғаннан кейін ботқадан жәндіктер табылды. Балаларға ботқа берілмеді. Болған оқиғадан кейін кейін балабақша меңгерушісі, медбике және аспаз жұмыстан босатылды», - деді облыстық білім басқармасы басшысының м.а. Нұргүл Бертілеуова.
«Павлодарда пансионат қызметкерлері мүгедек зейнеткерлерді азаптап, қайтыс болғандардың үйін жалға берген»
Павлодарда қарт адамдарды азаптаумен және алаяқтық әрекеттермен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Қалалық прокуратура полиция департаментімен бірлесіп, мүгедектігі бар зейнеткерлерді ұрып-соққан жеке пансионатты анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Пансионат қызметкерлері 20 қарт адамның конституциялық құқықтарын өрескел бұзған (тамақтануды, қозғалысты шектеді, ұрып-соқты) және ұзақ уақыт бойы қайтыс болған адамдардың пәтерлерін жалға беріп келген. Көрсетілген фактілер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Оларды тергеп-тексеру ішкі істер органдарына тапсырылды», - делінген ақпаратта.
Қазақстандықтарға неге сапасыз тауарлар келеді? – министр себебін түсіндірді
Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев шетелдік интернет-дүкендерге тапсырыс беретін азаматтардың мәселесін көтерді, деп хабарлайды Baq.kz.
«Трансшекаралық онлайн-сауданың дамуы тұтынушылардың шетелдік маркетплейстерге қатысты шағымдарының артуына алып келуде. Мұндай мәселелер шетелдік маркетплейстер мен сатушылар Қазақстан юрисдикциясынан тыс жерде орналасқандықтан туындап отыр. Бұл өз құқықтарын толықтай қорғай алмайтын тұтынушылар үшін қауіп-қатерлерді тудырады», - дейді Шаққалиев.
Министрдің айтуынша, елдер арасындағы қашықтық үлкен болғандықтан, тауарларды қайтару немесе айырбастау талаптарын орындау мүмкін бола бермейді.
«Шетелдік интернет-дүкендерден сатып алынған тауарлар сертификаттау рәсімінен өтпейді, бұл өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына қауіп төндіреді. Осыған орай, бұл мәселелерді заңнамамен реттеу қажет екенін атап өткен жөн», - дейді ол.
Неліктен спортшыларымыз жоғары нәтиже көрсетпейді - Бектенов түсіндірді
Премьер-министр Олжас Бектеновтың айтуынша, Қазақстанда спорттық нысандардың саны артып жатқанына қарамастан, спортшылардың нәтижелері төмен, деп хабарлайды Orda.kz.
Үкімет басшысының мәлімдеуінше, жыл сайын мемлекеттік спортқа бөлінетін қаржы көбейіп келеді.
«Сонымен қатар, біздің спортшыларымыздың нәтижелері төмен. Бұл жағдайдың негізгі себептері – спортшылардың нысаналы даярлықтарының жоқтығы. Жаттығушылардың тапшылығы мен тиімді дайындық әдістерінің болмауы да нәтижеге әсер етті. Балалар секцияларынан бастап Олимпиада құрамаларына дейінгі спортшыларды тәрбиелеудің нақты жүйесі жоқ», - деді премьер үкімет отырысында.
Ол туризм және спорт министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, спорт мектептері мен секцияларын құру және қолдау бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
Фото көзі: pixabay.com