«Қазақстанда Telegram-ның кеңсесі ашылады»
Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев Meta, Apple және басқа да ірі американдық компаниялардың өкілдерімен кездесу кезінде айтты, деп хабарлайды Nege.kz.
«Біз Telegram платформасымен заңсыз контентті жедел жою және деструктивті арналарды бұғаттау бойынша белсенді түрде ынтымақтастық орнатып жатырмыз. Біздің заңнамаға сәйкес, енді Telegram, WhatsApp және TikTok сияқты интернет-платформалар Қазақстанда өз өкілін тағайындауға міндетті. Telegram-мен олардың өкілін тағайындау және кеңсе ашу туралы келісімге қол жеткізілді - бұл контентті бақылауды арттыруға бағытталған маңызды қадам», - деді Жаслан Мадиев.
Цифрлық даму министрлігі қазақстандықтардың цифрлық платформаларда қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сенімді инфрақұрылымды құру үшін халықаралық серіктестермен жұмысын жалғастырады.
Аймағамбетов үкіметтің жұмыссыздық туралы жүргізген есебіне күмән келтірді
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жұмыссыздық бойынша үкіметтің жүргізетін есебі күмән тудыратынын айтты, деп хабарлайды El.kz.
«Үкіметтің есебіне сәйкес, жыл сайын шамамен 900 мың адам жұмысқа орналасады. Сонда жыл сайын 1 млн-ға жуық адам жұмысқа орналасса, жұмыссыздық деңгейі неге өзгеріссіз қалып отыр, деген сұрақ мазалайды. Мынадай қарқынмен жұмыссыздық пен өзін-өзі жұмыспен қамту мәселесі әлдеқашан шешілуі керек еді. Ең қызығы, соңғы 10 жылда жұмыссыздық 4,5-4,7 деңгейінде өзгермей тұр. Жұмысқа орналастыру статистикасымен таныссақ, тіпті арифметика заңдарына күмәндана бастайсың. Өздеріңіз ойланып көріңіздерші, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 963 мың адам жұмысқа орналастырылған екен. Ал бірақ жұмыссыздардың саны 445 мыңнан аспайды. Сонда жұмысқа мұқтаж адамдардың санынан екі есе көп адам жұмысқа орналастырылды деген сөз бе?! Әрине, сұрақ өте көп» - деді ол.
Елімізде қай мамандықтар сұранысқа ие?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова елімізде сұранысқа ие болатын жаңа мамандықтардың тізімін жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қысқа мерзімді болжам жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен бос жұмыс орындарын жариялайтын кәсіпкерлердің өтінімдері негізінде қалыптасады, оның негізінде ұзақ мерзімді болжам отандық нарықта пайда болатын болашақ салалар туралы ақпаратты қамтиды. Біз елімізде сұранысқа ие болатын жаңа мамандықтардың толық тізімін ұсынуға дайынбыз», - деді Жақыпова мәжіліс отырысында.
Министрдің айтуынша, тізімге жасанды интеллект мамандары, атом электр станциясының жұмысшылары, блокчейн технологиясы бойынша мамандар, IT дизайнерлері, бағдарламашылар кіреді.
Тұрлыхановтың ұлы тағы сотталуы мүмкін
Депутат Дәулет Тұрлыхановтың пробациялық бақылауда жүрген ұлы Нұрасыл Болат қамауға алынуы мүмкін, деп хабарлайды Baq.kz.
Дәулет Тұрлыхановтың шартты мерзімде жүрген баласы кезекті рет пробациялық бақылау тәртібін бұзған. Әлеуметтік желіде оның салтанатты кеште жүргені көрсетілген видео тарап жатыр. Бостандығын шектеу тәртібіне сай, депутаттың баласына мұндай іс-шараларға баруға шектеу қойылған.
«Пробациялық бақылауды бұзу фактісі бойынша сотталған адамға (Нұрасыл Болатқа) ескерту жасалды, жазаны бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы мәселені шешу үшін сотқа материал дайындалып жатыр», - делінген комитеттің хабарламасында.
Фото көзі: Ашық дереккөз