Бурабайды дамыту үшін Т137 млрд бөлінетін болды
Премьер-министр Олжас Бектенов Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Құжат Т137,2 млрд-ты құрайтын 118 шараны қамтиды және туристік инфрақұрылымды, көлік логистикасын, цифрлық шешімдерді, қауіпсіздік жүйелерін дамытуға, сондай-ақ инвестиция тартуға бағытталған.
Жоспар бойынша, демалыс орнын жаңғырту негізгі бағыттарды, соның ішінде жыл бойы жұмыс істейтін туристік нысандар салуды, экологиялық және спорттық туризмді дамытуды, жаңа рекреациялық аймақтар құрылысын қамтиды.
«Қысқы демалыс түрлерін дамыту кеңінен жоспарланған, олардың арасында шаңғымен сырғанау ерекше сұранысқа ие. Спорттық жабдықтарды жалға беретін, тамақтану орны мен кәдесый дүкендері бар шаңғы базасын ұйымдастыру көзделуде», - делінген хабарламада.
Тоқаев әуежайдағы оқиғада ерлік көрсеткен адамды мемлекеттік наградаға ұсынды
Президенттің баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әуежайында қызметкерге пышақпан шабуылдаған күдіктіні ұстаған азаматты мемлекеттік наградаға ұсынды, деп хабарлайды Orda.kz.
«Президент қылмыскердің суық қаруын тартып алып, ұстауға көмектескен ер адамның батылдығын ерекше атап өтіп, аталған азаматты мемлекеттік наградаға ұсынуға тапсырды», - деп жазды Руслан Желдібай.
«Қазақстандықтардың қарызы жалақысына қарағанда тез өсіп жатыр»
Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сулейменовтың мәлімдеуінше, Қазақстандағы тұтынушылық несие өте жылдам өсіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ұлттық банк басшысы халық көп алатын несиенің өсуін Қазақстандағы басты проблема және қаржылық тұрақтылыққа қатысты маңызды қауіп деп атады. 2024 жылы тұтынушылық несиелер 33,5%-ға өскен, бұл шамамен Т13,8 трлн.
«Тепе-теңдіктің болмауы таза инфляциялық фактор шеңберінен шығып, қаржылық тұрақтылық проблемасына айналады. Біз тұтынушылық несиелендірудің өте жылдам қарқынмен өсіп келе жатқанын байқап отырмыз. Халықтың несие қарызы жалақысы мен ай сайынғы кірісінен асып түскен. Мұндай жағдайда тек ақша-несие саясатының құралдарын қолдану жеткіліксіз», - дейді Сүлейменов.
Қазақстанда қанша әйел тұрады?
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Ұлттық статистика бюросы қызықты мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды Baq.kz.
Елімізде 10 381 377 әйел тұрады – бұл ел халқының 51,1%-ын құрайды. Соңғы 10 жылда қазақстандық әйелдердің саны 15,2%-ға өскен.
Елде әйелдер ең көп тұратын өңірлер: Алматы – 1,2 млн; Түркістан облысы – 1 млн; Астана – 803 мың.
Әйелдердің басым бөлігі – 64,4%-ы мегаполистерде тұрса, 35,6%-ы ауылдық жерлерде тұрады.
Фото көзі: Ашық дереккөз