«Мұнай өнімдерін контрабандалық жолмен көрші елге тасымалдамақ болғандар ұсталды»
Ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлінісінің қызметкерлері мұнай өнімдерінің ірі контрабандасының арнасын жойды, деп хабарлайды Aikyn.kz
Жедел іс-шаралардың нәтижесінде шекарадан шығаруға арналған 10-нан астам вагон-цистерна табылды. Іргелес мемлекеттің аумағына жөнелтілмек болған вагондарда құны Т120 млн-нан асатын 750 тоннадан астам мұнай өнімі болған.
«Мұнай өнімдерін тиісті рұқсат құжаттарынсыз тасымалдау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-тергеу шараларының кешені жүргізіліп жатыр», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.
Зейнетақы қоры қазақстандықтарға үндеу жолдады
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры кейінгі кездері қызметкерлерінің атын жамылып, салымшыларға қоңырау шалатын алаяқтар көбейгенін ескертті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қор баспасөз қызметінің мәліметінше, алаяқтар салымшылар мен алушыларға қор қызметкерлерінің атынан қоңырау шалып, зейнетақы аударымдары қате жасалғанын айтып, бөлімшеге баруды ұсынады. Ол үшін кезекті электронды түрде броньдауға көмектесемін деп SMS-ке жауап беруді өтінеді. Бұдан кейін алаяқтар телефонға келген талон нөмірін немесе кодты атап, растауды сұрайды. Осылайша олар салымшының банктегі шоттары мен жеке деректеріне қол жеткізеді.
«БЖЗҚ қызметкерлері азаматтарға қоңырау шалмайды. Сондықтан қырағы болып, бөгде адамдарға ешқандай кодты айтпаңыз, бейтаныс сілтемелерге өтпеңіз», - делінген хабарламада.
«Artsport» айналасындағы жемқорлық дауы: бюджетке қанша шығын келді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бегайдаров «Artsport» бағдарламасына бөлінген қаржыны жымқыру күдігіне іліккендерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарының аяқталғанын айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Туризм және спорт министрлігінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК бұрынғы директорына, оның орынбасарына және басқа адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталған.
«Олар «Artsport» бағдарламасымен балаларды оқыту бойынша қызметтер көрсету шеңберінде бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктелді. Сонымен қатар, «Азия ойындары-2023» спортшыларының жабдықтарын, спорттық қызметтерді және іс-сапар шығындарын сатып алуға бөлінген бюджеттік ақшаны иелену деректері белгілі болды», - дейді Бегайдаров.
Аталған фактілер бойынша залалдың жалпы сомасы – Т746 млн құрайды.
«Тергеуге келмеді»: Астана LRT жемқорлығына қатысты іс сотқа жолданды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астана LRT компаниясының басшыларына қатысты істі сотқа жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бегайдаров БАҚ арқылы Астана LRT ЖШС Ардан Талғат пен «Астана банкі» мажоритарлық акционері Олжас Тоқтаровты тергеуге шақырғанын хабарлайды.
«Антикор Олжас Тоқтаров пен Ардан Талғатқа қатысты қылмыстық істі тергеп аяқтады. Тергеу барысында орган аталған тұлғаларды Қылмыстық кодекстің 208 баптың 1-тармағы бойынша тергеуге шақыртты. Олар тергеуге келмеген соң, Антикор күдіктілерді БАҚ арқылы шақырды. Олар сонда да тергеуге келмеді. Қазір олардың ауыр қылмыс жасалғаны сырттай расталды. Қылмыстық іспен танысу жүргізіліп жатыр. 19 қыркүйекте қылмыстық іс сотқа жолданды», – дейді Бегайдаров.
Данияр Бегайдаровтың айтуынша, олар шетелде жүр.
Фото көзі: ҚазТАГ/©Әмір Қасенов